2025 жылғы 3 сәуірде Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында ақпараттық-танымдық дәріс өтті. Іс-шара университеттің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері», «Тамақ өндірістерінің техникасы және технологиялары», «Инженериядағы смарт технологиялар» және «Бағдарламалық инженерия» кафедраларының бастамасымен, эдвайзерлердің белсенді қолдауымен ұйымдастырылды.
Аталған дәріс – тек ақпарат беру алаңы ғана емес, сонымен қатар жастар арасында радикалды идеологиялардың таралуына қарсы тұруға бағытталған ашық диалог пен ой алмасу алаңы ретінде өтті. Эдвайзерлер өз топ студенттерімен бірге қатысып, белсенді пікір білдіріп, жастардың тақырыпты тереңірек түсінуіне және сыни тұрғыда ойлануына ықпал етті. Бұл олардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға елеулі үлес қосты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер мен оқытушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зайырлы сана мен азаматтық ұстанымды қалыптастыру және діни радикализм мен зорлық-зомбылыққа қарсы тұра алатын тұрақты қоғамдық иммунитетті дамыту болды.
Кездесу барысында экстремистік әрекеттердің алғашқы белгілерін тану, радикалды идеологиялардың таралу жолдары, олардың қоғамға тигізетін зияны және олармен күрестің құқықтық әрі ақпараттық тәсілдері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралатын жалған діни үгіт-насихаттың қауіптілігіне ерекше назар аударылып, оған қарсы тұрудың жеке және ұжымдық жолдары ұсынылды.
Дәріс интерактивті форматта ұйымдастырылып, студенттер белсенді сұрақтар қойып, пікірлерімен бөлісті. Шынайы өмірден алынған мысалдар мен тәжірибелік жағдайлар талқыланып, тыңдаушыларға тақырыптың маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар экстремизм мен терроризмге қарсы күресте әрбір азаматтың рөлі маңызды екенін атап өтті. Қоғамдық келісім мен бейбіт өмір – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз екені тағы да айқындалды.
Қоғамның қауіпсіздігі мен жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру жолында осындай өзекті тақырыпта мазмұнды дәріс өткізген заңгер, дінтану сарапшысы Сапаров Бахытжан Жолдыбайұлына университет ұжымы шынайы алғысын білдіреді.