2025 жылғы 8–9 сәуір күндері Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінде «Ғылым 2025: жастар энергиясы» атты
халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараның негізгі мақсаты – жас
ғалымдардың ғылыми бастамаларын қолдау, өзекті ғылыми-техникалық мәселелерді
талқылау және тәжірибе алмасу болды.
Конференция аясында «Инженерлік және өндірістік
автоматтандырудағы Smart-технологиялар» атты секция жұмысы ұйымдастырылды.
Аталған секцияға еліміздің беделді оқу орындарының өкілдері, атап айтқанда, ҚР
ІІМ Макан Есболатов атындағы Алматы академиясы мен Радиоэлектроника және байланыс
әскери-инженерлік институтының мамандары қатысты.
Секция барысында автоматтандырудың заманауи жүйелері,
«ақылды» технологияларды енгізу, өндірістік үдерістерді цифрландыру мен
оңтайландыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, жас зерттеушілер
өздерінің ғылыми жобалары мен тың идеяларын ұсынды.
Конференция аясында постерлік баяндамалар да ұсынылып,
қатысушыларға зерттеулердің нақты аспектілерін жан-жақты таныстыру мүмкіндігі
берілді. Бұл формат жас ғалымдар үшін пайдалы диалог пен кәсіби пікір алмасу
алаңына айналды.
«Ғылым 2025: жастар энергиясы» конференциясы –
жастардың ғылыми әлеуетін арттыруға, инженерия саласындағы ынтымақтастықты
нығайтуға және жаңа ғылыми серіктестіктер орнатуға ықпал еткен маңызды шара
болды.