2025 жылғы 17 сәуір күні
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде ерекше мазмұндағы, жүрекке
терең із қалдырған кездесудің куәсі болдық. «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Ерлік тағылымы және жас ұрпақты патриоттық
рухта тәрбиелеу» тақырыбында өткен тағылымды шара – тек өткенді еске алу
емес, болашаққа аманат жолдаған рухани сабақ болды. Іс-шараны «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем
тілдері» мен «Тағам өндірісінің
техникасы және технологиясы» кафедралары ұйымдастырып, студент жастарды
отансүйгіштік пен тарихи жадыны құрметтеуге үндейтін орта қалыптастырды.
Жиынның қадірлі қонақтары – ҚР Қарулы Күштерінің генералы, «Офицерлер
одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмұт Өтегенұлы
Телеғұсов пен Ауған соғысының ардагері, «Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университеті» АҚ әскери істер институтының бастығы, педагогика ғылымдарының магистрі, полковник Ерназар Хамидуллаұлы Ишанов болды. Олар өздерінің әскери жолындағы
тәжірибесімен, отан алдындағы адал қызметі мен азаматтық парыз жайлы терең
ойларымен бөлісіп, жастарға жігер мен сенім сыйлады.
Генерал Телеғұсовтың университеттің патриоттық бағытта белсенді еңбек етіп жүрген эдвайзер-оқытушылар мен қызметкерлерге арнайы «Ұлы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалін табыстауы – бұл кездесу мәртебесін бұрынғыдан да арттыра түсті. Бұл марапат – тек еңбектің емес, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершіліктің де мойындалуы. Іс-шара аясында Ұлы Отан соғысының тарихи маңызы, оның ел мен ұлт тағдырына әсері, соғыс жылдарындағы ерлік пен қайсарлық туралы маңызды мәліметтер айтылды. Қонақтардың әрбір сөзі – сабақ, әрбір естелігі – ұлт жадысының бөлшегі болды.
«Ұлы Жеңіс – ұлттың намысы, тарихтың тағылымы, ұрпақтың аманаты» деген сөз бүгін тағы бір мәрте дәлелденді. Жастар – ерлік рухын жүрекке сіңіріп, тарихи жадымен байланыс орнатқан буын. Бұл кездесуден соң әрбір студент патриот болудың мәнін терең түсініп, ерлік деген ұғымның салмағын сезіне түсті. Бұл тек кездесу емес, бұл – рухани серпіліс, елдік сабақ, ұрпақтар үнқатысуының жарқын көрінісі.