2025 жылғы 22 сәуір күні Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінде «Қазақ психологиялық қоғамының»
президенті, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,
психология ғылымдарының докторы, профессор Мұқан Әтенұлы Перленбетовтың
қатысуымен «Эдвайзерлердің тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру» тақырыбында
психологиялық тренинг өтті.
Іс-шараны университеттің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасы
ұйымдастырды. Тренингке университет пен колледж эдвайзерлері белсене қатысып,
тәжірибе алмасу және кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мүмкіндігіне ие болды.
Тренингтің ашылуында профессор М.Ә. Перленбетов сөз
сөйлеп, «Қазақ психологиялық қоғамының» мақсаттары мен атқарып жатқан қызметі
туралы баяндады. Ол қоғамның негізгі миссиясы – психологиялық білім мен
тәжірибені кеңінен тарату, мамандарды қолдау және қоғамдағы психологиялық
мәдениетті дамыту екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол эдвайзерлердің оқу
процесінен бөлек, тұлғалық бағыттағы тәрбие жұмысына белсенді араласуы –
қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызды аспект екенін атап өтті.
Тренингті педагог-психолог Мухамбетжан А.С. және
мультимодалды практик-психолог Қанапия Г.Қ. жүргізді. Іс-шараның негізгі
мақсаты – эдвайзерлердің кәсіби дағдыларын психологиялық тұрғыда жетілдіру,
мотивация мен эмоционалды интеллектке мән беру арқылы тәрбие жұмысын сапалы
жүргізуге ықпал ету болды.
Тренинг үш бөлімнен тұрды және әр бөлімі
тәжірибелік бағытта ұйымдастырылды. Қатысушылар мотивациялық жаттығулар
орындап, сценарийлік жағдайларды талқылап, нақты кейс-ситуациялар бойынша
шешімдер ұсынды, сондай-ақ топтық жұмыс арқылы өзара кәсіби тәжірибемен
алмасты. І бөлім – Мотивациялық кіріспе:
"Тұлғалық үштігім" жаттығуы арқылы қатысушылар бір-бірімен танысып,
тәрбиеге деген көзқарастарын ортаға салды. Бұдан кейін "Бүгінгі студентке
қандай тәрбие қажет?" деген сұрақ аясында пікірталас ұйымдастырылып,
эдвайзер тұлғасының тәрбиелік рөліне арналған қысқаша теориялық ақпарат
ұсынылды. ІІ бөлім – Тиімді тәсілдер мен әдістер:
"Бейтарап эдвайзер vs. Белсенді эдвайзер" атты екі түрлі сценарий
бойынша талдау жүргізіліп, "Ақылшы", "Қолдаушы",
"Бағалаушы" рөлдері арқылы эдвайзер қызметінің тиімділігі талқыланды.
Сонымен қатар, нақты жағдайлар негізінде "Шынайы жағдай – не
істейсіз?" атты кейс-ситуациялар ұсынылып, студенттің немқұрайлығы, тәртіп
бұзуы және күйзелістік жағдайлар сияқты мәселелерге талдау жасалды. ІІІ
бөлім – Рефлексия және қорытынды: "Менің тәрбие жұмысымның
формуласы" атты жаттығу барысында әр қатысушы өз кәсіби тәжірибесіне
сүйеніп, тәрбие формуласы мен басым құндылықтарын қалыптастырды. "Ең құнды
3 қасиет" жаттығуы арқылы қатысушылар өздері үшін маңызды психологиялық
және тұлғалық сипаттарды бөлісті.
Тренинг аясында эдвайзерлік топтармен жұмыс кезінде
жиі туындайтын қиындықтар мен оларды шешу жолдары талқыланды. Белгілі бір нақты
ситуациялар ұсынылып, қатысушылар сол жағдайларда қандай көмек көрсете алатынын
талдады. Сонымен қатар, кәсіби қажу (эмоционалдық түгесу) тақырыбы қозғалып,
оның алдын алу жолдары қарастырылды.
Сергіту жаттығулары арқылы қатысушылар бір сәт
демалып, сергіп қалды. Іс-шара соңында кері байланыс жүргізіліп, қатысушылар
әлсіз тұстар мен болашақта қажет болуы мүмкін әдістерге тоқталды.
Профессор М.Ә. Перленбетов тренинг соңында сөз
сөйлеп, эдвайзерлердің рөлі тек академиялық бағытта ғана емес, тұлға
тәрбиесінде де шешуші екенін атап өтті:
“Қазіргі студент – ертеңгі қоғамның
тірегі. Эдвайзер – тәрбие мен адами қарым-қатынаста бағыт беруші тұлға. Мұндай
тренингтер мамандардың кәсіби өсуіне жол ашады”, – деді ол.
Тренинг соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.