Главная Кафедры Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы Новости кафедры МИТУ кәсіби бағдар беру аясында түлектермен кездесу өткізді
22 Сәуір 2025                  211
МИТУ кәсіби бағдар беру аясында түлектермен кездесу өткізді

2025 жылғы 22 сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Бейіндік мектебінде Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті (МИТУ) кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырды. Кездесуге мектептің 11-сынып оқушылары мен түлектері, барлығы 60-қа жуық талапкер қатысты.

Іс-шара барысында оқушыларға университеттің заманауи білім беру жүйесі, халықаралық серіктестері, дуальды оқыту форматы, зертханалық-технологиялық базасы және өндірістік тәжірибемен тығыз байланысқан оқу үдерісінің артықшылықтары жан-жақты таныстырылды. Қатысушылар МИТУ ұсынатын мамандықтарға зор қызығушылық білдіріп, болашақ кәсіби бағдарларына қатысты нақты сұрақтар қойды.

Әсіресе, «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» кафедрасының білім беру бағдарламаларына ерекше назар аударылды. Бұл бағытта оқу үдерісінің құрылымы, өндірістік тәжірибе кезеңдері, түлектердің жұмыспен қамтылуы және еңбек нарығындағы сұраныс бойынша толыққанды ақпарат ұсынылды.

Кездесу барысында талапкерлер шекті балл, білім беру гранттары, ақылы оқуға берілетін жеңілдіктер, қос дипломдық бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, жатақханамен қамтамасыз ету, студенттік инфрақұрылым және стипендиялық жүйе жөнінде кең көлемді ақпарат алды.

Айта кету керек, талапкерлерді қолдау мақсатында МИТУ жыл сайын олимпиада ұйымдастырады. Бұл байқау — дарынды оқушылардың пәндік білімін көрсетуге арналған маңызды платформа. Олимпиада нәтижесі бойынша жоғары нәтиже көрсеткен жеңімпаздарға арнайы ректорлық гранттар және ақылы негізде оқуға 100%, 50% және 25% көлемінде жеңілдіктер тағайындалады. Бұл – талапкерлердің жетістігін әділ бағалап, олардың мотивациясын арттыруға бағытталған тиімді мүмкіндік.

Сонымен қатар, университетке оқуға қабылданған студенттерге шетелдік тағылымдамалар, ғылыми жобаларға қатысу, стартап бастамаларын қолдау, өндірістік кәсіпорындарда тәжірибе жинақтау және жұмысқа орналастыру бойынша келісімдер негізінде қолдау көрсету мүмкіндіктері ұсынылатындығы атап өтілді.

Кездесу соңында мектеп түлектері 2025 жылғы 25 сәуірде өтетін Ашық есік күніне арнайы шақырылды. Бұл іс-шара аясында талапкерлер университет ғимараттарымен, зертханаларымен, оқу аудиторияларымен тікелей танысып, профессор-оқытушылар құрамымен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алады.

Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті еліміздің инженерлік және технологиялық әлеуетін дамыту мақсатында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.