2025 жылдың көктемінде еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтті. Биылғы жиын еліміздегі этносаралық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше маңызға ие, өйткені ол Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. «Ел бірлігі – ертеңіміздің кепілі» атты ұранмен өткен сессия – мемлекетіміздің негізгі құндылықтары саналатын татулық, келісім мен ортақ мүддеге ұмтылудың жарқын көрінісіне айналды. Сессия жұмысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етіп, еліміздегі этносаралық татулықты сақтау мен одан әрі нығайтуға бағытталған нақты бағыт-бағдарды айқындады. Президент өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы ерекше орны мен тарихи миссиясына тоқтала келе, ұйымның ел ішіндегі тұрақтылық пен өзара құрметті қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалады. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі Қазақстан – бейбітшілік пен бірліктің символына айналған ел. Сессия барысында тіл саясаты, тарихи жадыны сақтау және жаңғырту, жастардың тәрбиесі мен әлеуметтік жауапкершілігі, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеу сынды маңызды мәселелер жан-жақты қаралды. Қатысушылардың қатарында Ассамблея мүшелері, өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сарапшылар мен жас көшбасшылар болды. Бұл жиын өзара пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және жаңа идеяларды ортаға салуға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңына айналды. Сессияда бірқатар нақты ұсыныстар мен бастамалар көтеріліп, олар Қазақстанның әлеуметтік, мәдени және рухани дамуына серпін беретін жүйелі шаралар ретінде қабылданды. Атап айтқанда, қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын күшейту, этносаралық бірлікті қамтамасыз етуде білім беру ұйымдарының рөлін арттыру, этникалық топтардың мәдени мұрасын сақтап, оны кеңінен таныту бағытындағы жобаларды қолдау мәселелері ерекше назарға алынды.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің 130-дан астам этносы арасындағы татулық пен достықтың, өзара сыйластық пен төзімділіктің нақты үлгісіне айналып отыр. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан көпэтносты халықтың ынтымағы – мемлекеттің басты байлығы әрі болашаққа нық қадам басуының кепілі. Сессия қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер еліміздегі ұлттық саясатты жетілдіруге, этносаралық және конфессияаралық диалогты тереңдетуге, әрбір азаматтың ел дамуына белсенді араласуына жол ашуға бағытталған. Бұл – стратегиялық маңызы зор, ел бірлігіне негізделген нақты қадам. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы – тарихи маңызы бар кезең. Ол әр азаматты біртұтас Отанның өркендеуіне атсалысуға, ортақ жауапкершілік пен ұлтқа деген сүйіспеншілікті арттыруға үндейді. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қағиданы берік ұстанған Ассамблея еліміздің бейбіт әрі тұрақты дамуына өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.