2025 жылғы 24 сәуірде
«Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасы жанындағы
«Өлкетану» клубы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған тағылымды іс-шара
өткізді. Бұл мереке — елімізде тұрып жатқан барлық этностар арасындағы
достықтың, өзара түсіністік пен келісімнің нышаны. Қазақстан — көпұлтты
мемлекет. Оның аумағында түрлі халықтардың өкілдері мен 18-ден астам конфессия
өмір сүреді. Қазақстан халқының бірлігі күні — қазақстандық патриотизмді, бірлікті
және ортақ Отанға деген адалдықты дәріптейтін маңызды мейрам.
Іс-шара барысында қатысушылар ұлтаралық келісімнің маңыздылығына тоқталып, әртүрлі мәдениеттерді танытатын отбасылық тарихтарымен бөлісті, сондай-ақ еліміздің дамуына барлық этностардың қосқан үлесі жайында пікір алмасты. Мәдени қойылымдар, көрмелер мен студенттер арасындағы ұлтаралық диалогты нығайтуға бағытталған интерактивті сессиялар ұйымдастырылды.
Шарада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 24 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзіне ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің оқу-тәрбие үдерісінде «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» және «Біртұтас Қазақстан халқы» қағидаттары берік орнығуы керектігін атап өтті. Бұл құндылықтар — қуатты және біртұтас мемлекет құру жолындағы айнымас бағдарымыз. Іс-шара жастар арасында бірлік, өзара құрмет және төзімділік идеяларын жүзеге асырудың жарқын көрінісіне айналды.