2025 жылдың маусым айының басында Халықаралық технологиялық университеті METU-де маңызды әрі рухты іс-шара — «METU құрама командалары — Универсиада-2025» тақырыбындағы жиналыс өтті. Жиынға университет ректоры Акпанбетов Дархан Берікұлы, Жастар саясаты департаментінің директоры Рыскелді Дина Дәулетқызы, сондай-ақ «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Естемесов Арман Заманбекұлы қатысты. Кездесу барысында Универсиадаға дайындық барысы, METU студенттерінің спорттағы жетістіктері және болашаққа қойылған нақты мақсаттар кеңінен талқыланды. Ректор өз сөзінде: «Спорт — бұл физикалық шынығу ғана емес, сонымен қатар тәртіп, табандылық және командалық рухты қалыптастыратын үлкен мектеп» — деп атап өтті. Сондай-ақ, студенттерге мотивациялық қолдау көрсетіліп, олардың бойындағы сенім мен жауапкершілікті арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Университет тарапынан спортшыларға барлық қажетті жағдай жасалып жатқаны айтылды.
Футбол және бокс спорт түрлері бойынша METU студенттері еліміздің беделді жарысы — Универсиада-2025-ке жолдама алып, университетіміздің атынан қатысу мәртебесіне ие болды. Бұл — тек спорттық жетістік емес, бұл — METU студенттерінің ерік-жігері мен рухани биіктігінің айқын көрінісі. Біздің спортшыларымыз — тәртіптің, еңбектің және биік мақсаттарға ұмтылудың жарқын үлгісі. Олар ел намысын қорғап қана қоймай, болашақ ұрпаққа шабыт беретін тұлғаларға айналуда.
METU намысын абыроймен қорғайтын спортшыларымызға — сәттілік, мықты рух пен әділ жеңіс тілейміз!
METU — сапа мен сенімнің белгісі
Жеңіске бірге ұмтылайық!