2025 жылдың 3 шілдесінде METU-да өткен диплом табыстау салтанаты – түлектер үшін мәңгілік есте қалатын тарихи күндердің бірі болды. Бұл күн – білім мен табандылықтың, үміт пен сенімнің, қуаныш пен жаңа өмірге қадам басудың символына айналды.
Салтанатты іс-шараға еліміздің ғылым мен білім саласының көрнекті өкілдері арнайы шақырылды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министр қызметін атқарған Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Курбанович Саданов, сондай-ақ Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының бас директоры Мақтағали Абдімажитович Бектемесов болды. Қонақтар университет ұжымының білім беру сапасына жоғары баға беріп, түлектерге ақжарма тілектерін арнады.
Салтанатты рәсім аясында университеттің кафедра түлектеріне дипломдар салтанатты түрде табысталды. Атап айтқанда, «Бағдарламалық инженерия», «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы», «Биохимиялық инженерия», «Экономика және бизнес», «Инженериядағы смарт технологиялар» мамандықтарының түлектері көп жылғы білім мен еңбектің жемісін көрді.
Салтанатты диплом табыстау сәтін еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен өндірістік мекемелерінің басшылары, сондай-ақ университеттің құрылымдық бөлім жетекшілері жүргізді.
Мерекелік кештің ерекше сәттерінің бірі – үздік түлектерге еліміздің алдыңғы қатарлы компанияларынан тікелей жұмысқа орналасуға арналған сертификаттардың табысталуы болды. «Академсеть», «ЭкоСервис», «Hyper Technology», «Baker Tilly Qazaqstan Audit», «SEA STAR», «Камертон» сынды серіктес мекемелер оқу озаттарына кәсіби жол ашып, олардың болашағына зор сенім артты. Бұл – университет пен индустрия арасындағы тығыз байланыстың айқын дәлелі.
Сонымен қатар, қоғамдық өмірге белсене араласқан, оқуда озат студенттерге арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Өздерінің әсерлі сөздері арқылы сахна төрінен ұстаздары мен ата-аналарына алғыстарын білдірген түлектер – көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бұл күн – METU-дың тарихында алтын әріппен жазылар жарқын сәт болды. Ал түлектер үшін – үлкен өмір жолына бастар алғашқы қадам. Әрбір жас маманға алда биік белестер мен толағай табыстар тілейміз!