Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы – ұлттық руханияттың мерейлі белесі
09 Тамыз 2025                  4024
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы – ұлттық руханияттың мерейлі белесі

Биыл халқымыздың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы, ағартушысы және сазгері Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр.
Абай – қазақ руханиятының темірқазығы, ұлтымыздың ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени қазынасына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға. Оның шығармалары мен философиялық толғамдары ғасырлар өтсе де маңызын жоймай, әр буынға бағыт-бағдар беріп келеді.

1845 жылы қазіргі Абай облысы аумағында дүниеге келген Абай жастайынан білім мен ізденіске құштар болды. Ол шығыс пен батыстың озық әдебиеті мен мәдениетін бойына сіңіріп, қазақ әдебиетіне жаңа өріс әкелді. Ақынның поэзиясы мен қырық бес қара сөзі – адамгершілік, әділдік, білім мен еңбекқорлыққа үндейтін мәңгілік рухани мұра.

Абай еңбектің адам өміріндегі орнын айрықша бағалады. Оның «Еңбек қылмай ер оңбас», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылдары – әр ұрпаққа адал іс пен маңдай тердің қадірін ұғындыратын өсиет. Ұлы ойшыл үшін еңбек – тек нәпақа табу жолы емес, адамды кемелдікке жетелейтін, елді өрге сүйрейтін ұлы күш.

Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлағатты өсиеті – бүгінде бейбітшілік пен өзара құрметтің әмбебап қағидасына айналды. Бұл идеялар ХХІ ғасырдағы еліміздің рухани жаңғыруының да іргетасын құрайды.

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ұжымы ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойымен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтайды! Абайдың асыл мұрасы – ұлтымыздың сарқылмас рухани байлығы мен мәңгілік шамшырағы. Біз ұлы тұлғаның сөздері мен өрелі ойларын әрқашан қадірлейміз, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамыздың қасиетті парызымыз деп білеміз.