Главная Новости МИТУ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашты
04 Қыркүйек 2025                  317
МИТУ Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашты

2025 жылғы 4 қыркүйек Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Қазақстан мен Италияның жетекші ғалымдарын, академиялық қауымдастық өкілдері мен инженерлік мектептерін біріктірген «Академиялық және зерттеу ынтымақтастығын дамыту» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы (ҚР ҰИА) мен Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті (МИТУ) ұйымдастырды.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бахытжан Жұмағұлов қатысты. Сондай-ақ семинарға Механизмдер мен машиндар теориясы жөніндегі Халықаралық федерацияның (IFToMM) өкілдері – федерацияның Құрметті президенті, Римдегі «Тор Вергата» университетінің профессоры Марко Чеккарелли және Қазақстандағы IFToMM төрағасы, ҚР ҰИА вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі Амандық Төлешов қатысты. Олардың қатысуы іс-шараға ерекше мәртебе беріп, отандық инженерлік ғылымның халықаралық кәсіби қауымдастыққа интеграциялануының маңыздылығын айқындады.


Кездесу ашық диалог аясында өтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа буын инженерлік кадрларын даярлауға арналған тиімді алаңға айналды.

Іс-шара барысында нақты келісімдерге қол жеткізілді: академиялық ұтқырлықты дамыту – студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын алмасу; екі бірлескен қос дипломды бағдарлама ашу; инженерия, робототехника және қолданбалы зерттеулер саласында университеттер мен ғылыми институттар арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов өз сөзінде:

«Цифрландыру дәуірінде, Мемлекет Басшысы мен Білім және ғылым министрлігі инженерлік кадрларды даярлауға ерекше назар аударып отырған кезеңде, еліміздегі санаулы инженерлік университеттердің бірі – МИТУ қабырғасында осындай семинар өткізу айрықша маңызды. Бұл ғылыми ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, отандық инженерлік мектептің дамуына берік негіз қалайды» - атап өтті.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясы көптеген жылдар бойы елдің инженерлік кадрлар ұстаханасы болып қана қоймай, ғалымдарды, конструкторларды және тәжірибешілерді біріктіретін жетекші зияткерлік орталық ретінде танылып келеді. Өз кезегінде жаңа МИТУ халықаралық ғылыми кеңістікте өз позициясын нығайтып, жоғары білікті инженер мамандарын даярлауға белсенді қатысып, елдің стратегиялық міндеттерін іске асыруға үлес қосуда.