2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан
халқына кезекті Жолдауын жасады. Биылғы Жолдау ел дамуының жаңа кезеңіне серпін
беретін стратегиялық міндеттерді айқындады. Президент атап көрсеткен негізгі
бағыттар қатарында әділетті қоғам қалыптастыру, заң мен тәртіпті нығайту,
экономикалық өсімді жеделдету, білім мен ғылымға қолжетімділікті кеңейту,
сондай-ақ жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелері бар.
Жолдаудың басты
жаңалықтарының бірі – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды
интеллектіні жаппай енгізу міндеті болды. Бұл бастама Қазақстанның жаңа Ұлттық
цифрлық даму стратегиясына біріктіріліп, елді болашақта технологиялық тұрғыдан
дамыған мемлекетке айналдыруға бағытталған.
Халықаралық инженерлік-технологиялық
университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері Жолдауды бірге
тыңдап, оның мазмұнын талқылады. Қатысушылар білім беру мен ғылымды жетілдіру,
аймақтық теңгерімді дамуды қамтамасыз ету және мемлекеттік басқарудағы ашықтық
қағидаттарын орнықтыру мәселелерінің ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Талқылау барысында
студенттер Жолдаудың жастарға беретін мүмкіндіктерін сөз етсе, оқытушылар оның
қоғам дамуына қосар үлесіне тоқталды. Университет ұжымы Жолдауда қойылған
міндеттерді орындау – баршаның ортақ жауапкершілігі деген пікірге келді.