2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан
халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды
цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауын жариялады. Осыған орай
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық
пәндер және әлем тілдері» кафедрасы мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымы
Студенттер үйінде арнайы талқылау өткізді. Іс-шара барысында Президент көтерген
негізгі мәселелер қарастырылды: ірі инвестицияларды тарту, өңдеу өнеркәсібін
дамытуға жаңа тәсілдер табу, аграрлық саланы жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық
және су инфрақұрылымын жаңғырту, адами капиталды дамытуға қойылатын жаңа талаптар
және экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологияларын белсенді
енгізу.
Талқылау барысында Қазақстанның әлемдік қауымдастықтың ажырамас бөлігі
екені атап өтілді. Бүгінгі жаһандық тұрақсыздық пен жаңа қауіп-қатерлер
еңбекқорлықты, білімге ұмтылуды, елдің өркендеуіне қамқорлықпен қарауды,
мәдениеттілік, адалдық, жауапкершілік және патриотизм құндылықтарын
қалыптастыруды талап етеді. Студент жастар Жолдаудағы заңдылық, әділеттілік
және тәртіп қағидаттары орныққан қоғамда болашақ ұрпақтың өмірі жарқын әрі
бақуатты болатынын атап өтті. Дискуссиялық кездесуге МИТУ-дың әртүрлі
мамандықтарында білім алатын 1–3 курс студенттері белсенді қатысты.