METU университетінде көктемгі семестрдің басталуына орай студенттік белсенділер жатақханаларға жоспарлы түрде тексеру жүргізді. Іс-шараның негізгі мақсаты — жаңадан келген студенттерді жатақханадағы тұрмыс-тіршілік ережелерімен таныстыру, университеттегі студенттік өмір туралы толық ақпарат беру және бейімделуіне қолдау көрсету.
Тексеру барысында белсенділер студенттермен жүздесіп, қойылған сұрақтарға жауап берді, студенттік ұйымдардың қызметі, университетте өткізілетін іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері туралы түсіндірді. Әсіресе жатақханаға алғаш рет орналасқан студенттерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, іс-шара аясында студенттік жатақханада құқық бұзушылықтардың алдын алу, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Студенттерге ішкі тәртіп ережелері, қауіпсіздік талаптары және бірлесіп тұру мәдениетін сақтау маңыздылығы түсіндірілді.
Сондай-ақ жатақханада тәртіптің, тазалық пен санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жасалды. Студенттерге ортақ мүлікке ұқыпты қарау және жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы ескертілді.
Мұндай бастамалар студенттер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді. METU белсенділері студенттердің оқуына және тұрмысына жайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.