METU университетінде Ғылыми кітапхана мен Жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Желтоқсан. Еркіндікке ұмтылған жүректер» атты мазмұнды әрі тағылымды әдеби-танымдық кездесу кеші өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын жастарға терең түсіндіру, еркіндік пен тәуелсіздік жолында күрескен азаматтардың ерлігін дәріптеу, сондай-ақ сол кезеңнің шынайы бейнесін бүгінгі ұрпақ санасына жеткізу.
Кештің құрметті қонағы — Желтоқсан оқиғасына тікелей қатысушы, Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі, композитор әрі педагог Шолпан Бақытжанқызы Қисымбетова болды. Ол өз естеліктері арқылы сол бір тарихи кезеңдегі жастардың қайсарлығы мен отансүйгіш рухын, қуаныш пен қасіретке толы сәттерді әсерлі түрде баяндап берді.
Кездесу барысында қатысушылар Желтоқсан оқиғасының ел тәуелсіздігіне апарар жолдағы айрықша рөлі, оған қатысқан жастардың батылдығы мен азаматтық ұстанымы туралы тың деректерге қанығып, тарихи мағлұматтармен танысты. Шара жастардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттырып, патриоттық сана мен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етті.
Осындай тағылымды кездесулер METU университетінде жастарды рухани тәрбиелеу мен тарихи сананы қалыптастыру бағытында жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.