Университетіміздің белсенді студент-активистері өздерінің туған қалаларындағы, өздері білім алған мектептерде кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Аталған бастаманың негізгі мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге болашақ мамандықты саналы таңдауға көмектесу және университетте білім алу мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат беру.
Кездесу барысында студенттер оқушылар мен ұстаздарға университеттегі білім беру бағыттары, оқу үдерісінің ерекшеліктері, қабылдау талаптары, білім беру гранттары мен жеңілдіктер, сондай-ақ жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндіктері жөнінде мәліметтер ұсынды. Сонымен қатар, студенттік өмірдің белсенділігі, қоғамдық ұйымдарға қатысу және жеке әрі кәсіби даму мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды.
Іс-шараның маңызды бөлігі студент-активистердің жеке тәжірибелерімен бөлісуі болды. Олар университетке түсу жолы, оқу барысындағы қиындықтар мен жетістіктер, оқытушылар мен әкімшілік тарапынан көрсетілетін қолдау туралы ашық әңгіме жүргізді. Бұл формат мектеп түлектеріне қажетті ақпаратты тікелей өз тәжірибесінен естуге және көкейіндегі сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді.
Студенттердің дәл өздері түлеп ұшқан мектептерде кәсіби бағдар беруі іс-шараға ерекше мән мен мотивациялық сипат берді. Бұл бастама университет пен өңірлік мектептер арасындағы байланысты нығайтып, түлектердің жоғары оқу орнына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті. Алдағы уақытта мұндай кәсіби бағдар беру жұмыстары жалғасын тауып, ауқымы кеңейтілетін болады.