METU университетінде «Саналы ұрпақ» клубының мүшелері академиялық адалдық қағидаттарын нығайту мақсатында «Таза сессия» атты профилактикалық акция өткізді. Іс-шара емтихандық сессия кезеңінде студенттер мен оқытушылар арасында академиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Акция аясында клуб мүшелері оқу аудиторияларын аралап, студенттер мен оқытушыларға академиялық этика талаптарын сақтаудың маңыздылығын еске салды. Негізгі назар көшірудің алдын алуға, рұқсат етілмеген материалдарды пайдаланбауға және емтихан мен сынақтар кезінде адалдық қағидаттарын ұстануға аударылды.
«Саналы ұрпақ» клубының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адал білім алудың сапалы білім мен болашақ маманның кәсіби қалыптасуының негізі екенін атап өтті. Акция ақпараттық және алдын алу сипатында өтіп, білім беру ортасында сенім, әділдік және өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруды көздеді.
Мұндай бастамалар академиялық мәдениетті арттыруға, студенттер мен оқытушылар арасындағы өзара сенімді нығайтуға және оқу үдерісіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді. METU университетіндегі «Саналы ұрпақ» клубының студенттері адалдық, ашықтық және құқықтық мәдениет қағидаттарын дамыту бағытындағы жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда.