Главная Кафедры Бағдарламалық инженерия Новости кафедры Программалық инженерия кафедрасының студенттері мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру іс-шарасын өткізді
03 Ақпан 2026                  23
Программалық инженерия кафедрасының студенттері мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру іс-шарасын өткізді

Жақында Программалық инженерия кафедрасының белсенді студенттері демалыс күндерін тиімді пайдаланып, қала мен ауыл мектептеріне арнайы сапар жасап, оқушылармен профориентациялық кездесулер өткізді. Бұл іс-шараның басты мақсаты – мектеп оқушыларын IT және бағдарламалық инженерия саласымен таныстыру, олардың қызығушылықтарын ояту және болашақ мамандық таңдауы туралы кеңестер беру болды.


Іс-шара барысында студенттер оқушыларға өздерінің оқу процесі мен жобалық жұмыстарын көрсетті, заманауи бағдарламалық инженерия саласындағы трендтер мен мүмкіндіктер туралы әңгімеледі. Олар бағдарламалау, жасанды интеллект, веб және мобильді қосымшалар жасау, деректер базасын басқару және киберқауіпсіздік сияқты бағыттарда тәжірибелерін бөлісті. Сонымен қатар, әр мектепте арнайы презентациялар ұйымдастырылып, оқушыларға мамандық таңдаудағы практикалық кеңестер берілді.


Сапардың ерекшелігі – студенттер тек қалалық мектептермен шектелмей, ауыл мектептерін де аралады. Оқушылар өздерінің қызығушылықтарын, болашақ кәсіби жоспарларын айтып, студенттерден нақты тәжірибелік кеңестер алды. Көптеген мектеп оқушылары үшін бұл кездесу алғаш рет өздерінің болашақ мамандығы жайлы нақты түсінік қалыптастыруға көмектесті.


Программалық инженерия кафедрасының студенттері өз іс-тәжірибесін бөлісу арқылы оқушыларға IT саласының кең мүмкіндіктерін таныстырды. Студенттердің айтуынша, мұндай іс-шаралар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, логикалық ойлауын жетілдіруге және технологиялық бағыттағы қызығушылықтарын анықтауға септігін тигізеді.


Кафедра болашақта да кәсіби бағдар беру іс-шараларын жүйелі түрде жүргізіп, мектеп оқушыларына инженерлік мамандықтар мен заманауи технологиялық бағыттарды таныстыруды жалғастыруды жоспарлап отыр.


«Болашақ IT маманы болу үшін тек қана теориялық білім емес, практикалық тәжірибе де маңызды. Біз оқушыларға өз тәжірибемізді бөлісу арқылы олардың армандарын жүзеге асыруға бағыт бергіміз келеді», – дейді кафедра студенттері.