Главная Новости «Шақырылған профессор» бағдарламасы аясында METU университетіне Белград университетінің профессоры Эльмира Рахимовна Сальникова келді
11 Ақпан 2026                  71
«Шақырылған профессор» бағдарламасы аясында METU университетіне Белград университетінің профессоры Эльмира Рахимовна Сальникова келді

Халықаралық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлықты дамытуға бағытталған «Шақырылған профессор» бағдарламасы аясында 2026 жылғы 4–13 ақпан аралығында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде Белград университетінің (Сербия) шақырылған профессоры — Сальникова Эльмира Рахимовна, философия докторы (PhD), профессор, қоршаған ортаны қорғау және технологиялар саласының ғылым докторы, Пәнаралық зерттеулер институтының (Белград қ.) зерттеуші-профессоры іссапармен болды.

Сапар барысында профессор «ПИАП» білім беру бағдарламасының 2–3 курс студенттеріне «Топырақ құнарлылығы» және «Бұзылған жерлерді рекультивациялау» пәндері бойынша дәрістер оқып, практикалық сабақтар өткізді. Сабақтарда топырақтың деградациясы, көміртекті секвестрациялау, сондай-ақ бұзылған аумақтарды қалпына келтірудің заманауи халықаралық тәсілдері сияқты өзекті мәселелер қарастырылды.

Сонымен қатар профессор оқытушыларға, магистранттарға және жас ғалымдарға ғылыми мақалаларды Q1–Q3 квартильдеріндегі халықаралық рецензияланатын журналдарда жариялауға дайындау мәселелері бойынша консультациялар өткізіп, мақаланың құрылымына қойылатын талаптар, журнал таңдау және жарияланым белсенділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сапар бағдарламасы аясында профессор Э.Р. Сальникова кафедра меңгерушісі А.Б. Абуовамен бірлесіп Ө.Ө. Успанов атындағы Топырақтану және агрохимия институтына барып, әрі қарайғы ғылыми ынтымақтастықтың перспективалары мен бірлескен зерттеулердің мүмкін бағыттарын талқылады.

Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша шақырылған профессордың қолдауымен «Орталық Азия экология және қоршаған орта ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС Бас директоры Сапаров Ғалымжан Абдуллаевичпен ынтымақтастық туралы келісімшарт дайындау және жасасу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Шақырылған профессордың сапары халықаралық әріптестікті нығайтуға, ғылыми байланыстарды кеңейтуге, бірлескен зерттеу жобаларын дамытуға, сондай-ақ студенттер мен жас ғалымдардың заманауи халықаралық ғылыми бағыттарға қызығушылығын арттыруға ықпал етті.