2026 жылғы 20 ақпанда MITU-да «Туризм» білім беру
бағдарламасының Академиялық комитетінің ашық отырысы өтті. Отырыс туристік
саланың заманауи даму үрдістерін, еңбек нарығының талаптарын, қызмет көрсету
саласының цифрландырылуын және халықаралық кәсіби стандарттарды ескере отырып,
бағдарламаны жаңарту мәселесіне арналды.
Комитет жұмысына туристік компаниялар мен қонақүй
бизнесінің өкілдері, оқытушылар, академиялық сарапшылар және студенттер
қатысты. Отырыс барысында жаңартылған пәндер жобалары ұсынылып, тәжірибеге
бағытталған дайындықты күшейту, практика базаларын кеңейту, туристік өнімдерді
басқаруда цифрлық құралдарды енгізу және туризм индустриясымен ынтымақтастықты
дамыту мәселелері талқыланды.
«Макус» ЖШС директоры Усенова Л.Т. «Туризм» Білім беру
бағдарламасы басқарушылық, экономикалық және сервистік құзыреттерді, сондай-ақ
туризм саласындағы цифрлық маркетинг пен деректерді талдау дағдыларын
үйлестіруі тиіс екенін атап өтті. Ол туристік жобаларды басқару және туристік
дестинацияларды дамыту пәндері блогын кеңейту арқылы бағдарламаның аналитикалық
және кәсіпкерлік құрамдас бөлігін күшейтуді ұсынды.
Профессор Тлеужанова М.А. «Туризмдегі микроэкономика»
пәнінің орнына «Туризмдегі микроэкономика және нарықтық тетіктер» пәнін енгізу
қажеттігін негіздеді. Бұл пән студенттердің туристік нарықтың қызмет ету
заңдылықтарын, сұраныс пен ұсыныс тетіктерін, баға қалыптастыру ерекшеліктерін
және туризм саласындағы экономикалық субъектілердің мінез-құлқын жүйелі
түсінуін қалыптастыруға бағытталған.
Оның айтуынша, аталған пәнді меңгеру болашақ
мамандарға нарықтық ортаны талдауға, туристік кәсіпорынның шығындарын
бағалауға, әртүрлі нарықтық құрылымдар жағдайында негізделген басқарушылық
шешімдер қабылдауға, сондай-ақ туризм саласының дамуына сыртқы әсерлер мен
инвестициялық үдерістердің ықпалын ескеруге мүмкіндік береді.
Кафедра меңгерушісі «Туризмдегі цифрлық технологиялар»
траекториясы аясында туристік қызметтерді онлайн ілгерілету, туристік
платформалармен жұмыс істеу және бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін
аналитикалық құралдарды пайдалану құзыреттерін қалыптастыруға бағытталған
«E-tourism және цифрлық маркетинг» пәнін енгізуді ұсынды.
Лектор Доскаранова А.М. бағдарлама тәжірибеге
бағытталған мазмұнымен ерекшеленетінін және туристік саланың заманауи
талаптарына сәйкес келетінін атап өтті. Оның пікірінше, экономикалық пәндер,
басқарушылық модульдер және туризм саласындағы бейіндік курстар арасындағы тиімді
теңгерім студенттердің туристік нарықтың жұмыс істеуін жүйелі түсінуін
қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, лектор «Туризм» білім беру бағдарламасы
жоғары бәсекелестік, цифрлық трансформация және туризм мен қонақжайлылық
индустриясының қарқынды дамуы жағдайында тиімді жұмыс істей алатын білікті
мамандарды даярлауды қамтамасыз етеді деген сенім білдірді.
Академиялық жұмыс және халықаралық байланыстар
жөніндегі проректор Абдилдаева А.А. БББ құрастыру кезінде нормативтік құжаттар
мен міндетті пәндердің талаптары ескерілетінін, бұл білім беру бағдарламасының
мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім беру стандарттарына және туризм
саласындағы халықаралық ұсынымдарға сәйкестігін қамтамасыз ететінін түсіндірді.
«Экономика және бизнес» кафедрасының меңгерушісі Дильдебаева Ж.Т. отырысқа қатысқан оқытушыларға, сарапшыларға, жұмыс берушілерге және студенттерге белсенді қатысқаны, сындарлы ұсыныстары және білім беру бағдарламасын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Мұндай кездесулер оқу үдерісін жетілдіруге және мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.