Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүр күні
16 Наурыз 2026                  64
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық дәстүр күні

Бүгінгі күн – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын ерекше мереке. Бұл күні қазақ халқының бай мәдениеті мен өмір салтынан сыр шертетін мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, жастардың бойына ұлттық рух пен тарихи сананы сіңіруге ерекше мән беріледі.

Осыған орай, бүгін 1- курс студенттері арасында, қазақ және орыс топтарының қатысуымен «Қазақ салт-дәстүрлерін дәріптеу» атты тағылымды іс-шара өтті.

Шараның басты мақсаты – ұлттық дәстүрлердің мәнін өскелең ұрпаққа түсіндіру, олардың тәрбиелік маңызын жастарға насихаттау және көпұлтты ортада қазақ мәдениетінің құндылығын таныту.

Іс-шара «Бір дәстүр – бір топ» атты шығармашылық форматта ұйымдастырылды. Студенттер әр топ бойынша бір қазақтың ұлттық дәстүрін таңдап, оның мағынасы мен ерекшелігін түсіндіретін қысқа бейнероликтер дайындады.

«Туризм», «Маркетинг», «Есеп және аудит» мамандықтарының қазақ және орыс топтарының қатысуымен қазақтың құдалық дәстүрі таныстырылып, оның мәні мен ерекшеліктері шағын сахналық көрініс арқылы көрсетілді. Сонымен қатар қазақтың түрлі әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері – бесікке салу, сырға салу, үйлену, тұсаукесер сияқты дәстүрлер бейнероликтер арқылы ұсынылып, олардың тәрбиелік және мәдени маңызы көркем түрде ашып көрсетілді.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде студенттер қазақ әдебиетінің алыптары – Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев және Мұқағали Мақатаев шығармаларынан үзінділер жатқа оқып, ұлттық рухты жырмен өрнектеді.

Бұл шара – салт-дәстүріміздің тек өткеннің мұрасы ғана емес, бүгінгі қоғамның рухани тірегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, оны жастардың жүрегіне жеткізу – болашаққа жасалған маңызды қадам. Себебі дәстүрін қадірлеген ұрпақ қана өз мәдениетін сақтап, оны заманмен үндестіре отырып жалғастыра алады.

Осындай тағылымды бастамалар арқылы ұлттық мәдениетіміз жаңғырып, салт-дәстүріміздің сабақтастығы нығая түспек. Ұлттық рухымыз биік, дәстүріміз мәңгі жасай берсін!