METU-да Қазақстандағы тұңғыш Digital Nauryz өтті: цифрлық дәстүрлер және 13 елдің тіліндегі құттықтаулар
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде тұңғыш Digital Nauryz атты ерекше іс-шара өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің талаптарына сәйкес ұйымдастырылған бұл шара Мемлекет басшысының бастамаларына үндес келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның IT-мемлекетке айналуы керектігін және цифрландыру барлық саланың, соның ішінде мәдени дәстүрлердің басымдығы екенін атап өткен болатын.
Цифрлық трансформация кезеңінде METU студенттері мерекенің заманауи мазмұнын ашатын бірегей медиа-контент ұсынды:
Ұлттық нақыштағы интерактивті цифрлық ашықхаттар мен визуалды материалдар.
Ежелгі салт-дәстүрлер мен заманауи трендтер ұштасқан креативті бейнеқұттықтаулар. Графикалық дизайн және видеомонтаж арқылы жасалған студенттік медиа-өнімдер.
Халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән берілді. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатқан METU студенттері шет елден жылы лебіздерін жолдады. Жастар туған университетін Наурыз мерекесімен құттықтап қана қоймай, әлемдік деңгейде тәжірибе жинап, Қазақстан мәдениетін шетелде танытуға мүмкіндік бергені үшін оқу орнына алғыстарын білдірді.Digital Nauryz шарасының ең жарқын сәті METU-дың шетелдік студенттерінің қатысуы болды. Бүгінде университетте әлемнің 13 елінен келген өкілдер білім алуда.
Іс-шараның басты жаңалығы – әрбір шетелдік студенттің қазақстандықтарды өз ана тілінде құттықтауы болды. Бұл көптілді құттықтау Наурыздың басты құндылығы — бірлік пен қонақжайлылықты паш етіп, мерекені жаһандық деңгейге көтерді.METU-да өткен Digital Nauryz цифрландырудың ұлттық тамырымыздан ажыратпай, керісінше, оның тереңдігін ашуға көмектесетінін көрсетті. Технологиялар мен халықаралық байланыстың ұштасуы еліміздің жоғары технологиялық және ашық қоғам құру бағытына толық сай келетін Наурыз мерекесінің жаңа стандартын қалыптастырды.
