Главная Новости METU-дағы робототехника болашағы: «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының студенттері Аргентина профессорының сертификаттарына ие болды
18 Наурыз 2026                  70
METU-дағы робототехника болашағы: «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының студенттері Аргентина профессорының сертификаттарына ие болды

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде халықаралық білім мен жоғары технологияларды ұштастырған айтулы шара өтті. Еліміздегі алғашқы Digital Nauryz аясында робототехника бойынша қарқынды курсты сәтті аяқтаған «Бағдарламалық инженерия» кафедрасы студенттеріне сертификат тапсыру рәсімі ұйымдастырылды.

Бұл оқу бағдарламасы халықаралық ынтымақтастықтың белсенді дамуының арқасында жүзеге асты. Курсты арнайы шақырылған шетелдік сарапшы — Аустраль университетінің (Буэнос-Айрес, Аргентина) профессоры Маркос Бамонте жүргізді.

Профессор Бамонтенің сапары METU мен Аустраль университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастық туралы ресми келісім негізінде ұйымдастырылды. Бұл серіктестік студенттер мен оқытушылар үшін озық тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және оқу процесіне әлемдік білім беру стандарттарын енгізуге кең жол ашады.

Аргентиналық профессордың жетекшілігімен студенттер келесі өзекті бағыттарды меңгерді:

- Күрделі робототехникалық жүйелерді жобалау және бағдарламалау.

- Жасанды интеллект негізіндегі басқару алгоритмдерін әзірлеу.

- Бағдарламалық қамтамасыз етуді аппараттық шешімдермен интеграциялау.

Халықаралық үлгідегі сертификаттарды тапсыру рәсімінің METU алғашқылардың бірі болып енгізген Digital Nauryz — көктем мерекесінің бірегей цифрлық форматы аясында өтуінің символдық мәні зор.

Әлемдік деңгейдегі профессордың қолынан сертификат алу «Бағдарламалық инженерия» кафедрасы студенттерінің жоғары біліктілігінің дәлелі болды. Бұл шара университеттің стратегиялық бағытын айқындайды: студенттердің бір бөлігі академиялық ұтқырлық (Түркия, Қытай, Әзірбайжан, Ресей, Қырғызстан) арқылы шетелде білім алса, енді бір бөлігі шақырылған профессорлардың арқасында өз оқу орнында жүріп халықаралық тәжірибе жинақтауда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, IT-секторды дамыту және білікті кадрлар даярлау — Қазақстан болашағының негізі. Университетаралық ынтымақтастық аясында Маркос Бамонте курсының сәтті аяқталуы — «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының елімізді цифрландыру стратегиясын іске асыруға және әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлауға қосқан нақты үлесі.