Академик, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, Қазақстан ғылымы мен білімінің көрнекті қайраткері Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың 95 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрменің басты мақсаты – ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан зор үлесін кеңінен насихаттау, оның өмір жолы мен ғылыми мұрасын жас ұрпаққа таныстыру. Әр дәуірдің, тіпті әр жылдың топ жарғандары болады. Олардың атқарған ісі, өнегесі өлшеусіз. Тіршілігінде биіктігімен, кемелдігімен көрінеді. Алдыңғы толқын мақтан етсе, тұстастары тұғырының мықтылығына сүйсінеді. Кейінгі толқын үлгі етсе, жастар ұқсап бағуға талпынады. Болмысы бүтін жаратылған азаматтың бойында мұндай құбылыс білім мен білік ұштасқанда, шын дарын жан-жақты ісімен толысып танылғанда шоқ жұлдыздай жарқырап шығады. Осындай тұлғалардың бірі – Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков.