Главная Кафедры Бағдарламалық инженерия Новости кафедры АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ №144 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯДА КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
07 Сәуір 2026                  43
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ №144 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯДА КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің «Бағдарламалық инженерия» білім беру бағдарламасының маманы Шаншарова Гулайым Ерболатқызы Алматы қаласындағы №144 мектеп-гимназия оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында арнайы кездесу өткізді.


Кездесу барысында оқушыларға Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті туралы кеңінен ақпарат берілді. Университеттің құрылған жылынан бастап бүгінгі күнге дейінгі даму жолы, білім беру сапасы, заманауи бағыттары мен жетістіктері таныстырылды.


Сонымен қатар, мектеп оқушылары университетте оқытылатын түрлі мамандықтармен, соның ішінде бағдарламалық инженерия, ақпараттық технологиялар және басқа да сұранысқа ие бағыттармен танысты. Кездесу еркін форматта өтіп, оқушылар болашақ мамандық таңдауы туралы өзара пікір алмасып, сұрақтарын қойды.


Іс-шара барысында интерактивті тақта арқылы университеттің қызметі, оқу үдерісі және студенттік өмірі туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Бұл бейнематериал оқушыларға университеттің мүмкіндіктерін нақты әрі көрнекі түрде түсінуге мүмкіндік берді.


Кездесудің ерекше бөлігі ретінде оқушылар арасында шағын психологиялық және мотивациялық ойындар ұйымдастырылып, олардың болашақ кәсібіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде, оқушылардың шамамен 80 пайызы заманауи бағыттарға, атап айтқанда жасанды интеллект негізіндегі жобалар әзірлеу немесе веб-сайт жасау сияқты идеяларға қызығушылық танытты.


Аталған кездесу – жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға және заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.