«Бағдарламалық инженерия» кафедрасының 2–3 курс докторанттары Демеубаева Л.К. және Тұрсынхан А.М. Van Lang University жанындағы Ғылым және озық технологиялар институтында (Science and Technology Advanced Institute, Хошимин қ., Вьетнам) ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Тағылымдама аясында докторанттар халықаралық ғылыми ортада жұмыс істеп, кәсіби құзыреттерін кеңейтіп, академиялық байланыстарын нығайтуда. Негізгі назар IT индустриясының өзекті бағыттарын, соның ішінде жасанды интеллект, машиналық оқыту және зияткерлік жүйелерді зерттеуге бағытталған.
Тағылымдаманың ерекше мазмұнды кезеңдерінің бірі – AI Tech Centre-ге бару болды. Бұл жерде олар инновациялық жобалармен, практикалық әзірлемелермен және жасанды интеллект саласындағы соңғы трендтермен танысты. Шетелдік әріптестермен тікелей қарым-қатынас орнату әлемдік ғылыми үрдістер мен зерттеу тәсілдерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Алынған білім мен халықаралық тәжірибе докторанттардың болашақ ғылыми жұмыстарына берік негіз болып, отандық ғылым мен білімнің дамуына өз үлесін қосады.