Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде студенттердің Almaty Hub өкілімен кездесуі өтті. Іс-шараның басты мақсаты – студенттерді стартап экожүйесімен таныстыру, инновациялық жобаларды дамыту мүмкіндіктерін көрсету және IT саласындағы заманауи трендтер туралы ақпарат беру болды.
Кездесу барысында Almaty Hub өкілі орталықтың қызметі, негізгі бағыттары және стартаптарды қолдау бағдарламалары туралы кеңінен таныстырды. Атап айтқанда, қатысушыларға акселерациялық бағдарламалар, тегін білім беру жобалары, менторлық қолдау және халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктері туралы айтылды.
Almaty Hub – Қазақстандағы жетекші инновациялық орталықтардың бірі болып табылады. Мұнда стартаптарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, IT жобаларды дамытуға қолайлы орта қалыптастырылған. Сонымен қатар, орталық резиденттеріне салықтық жеңілдіктер мен халықаралық серіктестермен жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылады.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер өз сұрақтарын қойып, стартап идеяларымен бөлісті. Әсіресе, жасанды интеллект, веб-әзірлеу және мобильді қосымшалар бағыттары бойынша қызығушылық жоғары болды.
Аталған іс-шара студенттердің кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға, инновациялық жобаларға қызығушылығын арттыруға және IT саласындағы мүмкіндіктерді тереңірек түсінуге үлкен ықпал етті.