Академиялық әріптестікті кеңейту: METU делегациясының Мұхаммед әл-Хорезми атындағы Ташкент ақпараттық технологиялар университетіне сапары (Ташкент, Өзбекстан)
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің (METU) Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Шохаева Қарлығаш Нұрланқызы бастаған делегация Мұхаммед әл-Хорезми атындағы Ташкент ақпараттық технологиялар университетіне (ТАТУ) барды. Бұл сапар жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайту мен өңірдегі академиялық өзара іс-қимылды кеңейтудегі маңызды кезең болды.

Сапар бағдарламасы ТАТУ кампусымен және техникалық мүмкіндіктерімен танысудан басталды. Серіктес университет басшылығы қонақтар үшін егжей-тегжейлі экскурсия өткізіп, METU делегациясына заманауи оқу аудиториялары мен озық ғылыми-зерттеу зертханаларын көрсетті. Қазақстандық жоғары оқу орнының өкілдері ақпараттық технологиялар және телекоммуникация саласындағы мамандар даярланатын инфрақұрылымды жоғары бағалады.
Сапар барысында Ташкентте академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқып жатқан METU-дің «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының 3-курс студенттері — Файзуллаев Адилет, Ақылбай Нұрболат және Албанбеков Нурсултанмен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Қарлығаш Нұрланқызы студенттермен бейресми жағдайда жүздесіп, олардың оқудағы жетістіктерін, тұрмыстық жағдайларын және өзге елдегі білім беру процесі туралы алған әсерлерін талқылады. Мұндай кездесулер METU-дің шетелде білім алып жатқан өз студенттеріне әрқашан қолдау көрсетіп, олардың әлеуетін дамытуға баса мән беретін университет екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ресми келіссөздер барысында тараптар жоғары білімді дамытудың стратегиялық маңызды мәселелерін қозғады. Университет өкілдері QS жаһандық рейтингіндегі оқу орындарының позицияларын талқылап, халықаралық танымалдылық көрсеткіштерін жақсарту бойынша тәжірибе алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы ынтымақтастықтың бағыттары айқындалды, соның ішінде жаңа бірлескен жобаларды іске қосу және алмасу бағдарламаларын кеңейту туралы шешім қабылданды. Бұл екі жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттері үшін кәсіби өсудің кең перспективаларын ашады.