2026 жылғы
17 сәуір күні Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде «Ғылым
онкүндігі – 2026» аясында мазмұнды әрі ауқымды іс-шаралар легі өтті. Бұл күн
университет тарихындағы ғылым мен инновацияның, технология мен ұлттық
құндылықтардың үйлесім тапқан ерекше кезеңдерінің бірі болды. Іс-шараның басты оқиғаларының бірі – озық технологиялар орталығының ашылуы.
Жаңа орталық заманауи ғылыми зерттеулер жүргізуге, стартап жобаларды дамытуға
және студенттердің инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға
айналмақ.
Сонымен
қатар, университет қабырғасында ғылыми және стартап жобалардың көрмесі
ұйымдастырылып, қатысушыларға METU зертханалары мен технологиялық мүмкіндіктері
кеңінен таныстырылды. Үздік студенттік және ғылыми жобалардың таныстырылымдары
өтіп, жас зерттеушілер өз идеяларын ұсынып, тәжірибе алмасты. Іс-шара барысында
білім беру ұйымдарымен бірқатар маңызды меморандумдарға қол қойылып, ғылыми
ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берілді. Байқау жеңімпаздары марапатталып, олардың ғылыми
жетістіктері жоғары бағаланды.
Күннің
екінші жартысында ғылым мен технологияның өзекті бағыттары бойынша секциялық
отырыстар ұйымдастырылып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Сонымен қатар, жас таланттарды қолдауға бағытталған технологиялық хакатонның
басталуы берілді. Бұл бастамалар студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға
және инновациялық ойлауын жетілдіруге үлкен мүмкіндік береді. Айта кету керек,
университетімізде Наурыз мерекесі де кең көлемде аталып өтті. Студенттер мен оқытушылар бір алаңға жиналып,
көктемнің келуі мен жаңа жылдың басталуын бірге қарсы алды. Университет
аумағында киіз үйлер тігіліп, ұлттық музыка шырқалып, концерттік бағдарламалар
мен түрлі ойындар ұйымдастырылды. Қонақтар мен студенттерге наурыз көже және
басқа да ұлттық тағамдар ұсынылып, мереке ерекше атмосферада өтті.
Осылайша,
METU-да өткен «Ғылым онкүндігі – 2026» тек ғылыми іс-шаралар жиынтығы ғана
емес, сонымен қатар білім, инновация және мәдениеттің тоғысқан бірегей алаңы
ретінде өз мәресіне жетті. Халықаралық
инженерлік-технологиялық университеті заманауи ғылым мен
технологияны дамыта отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді де басты назарда
ұстайтын білім ордасы ретінде өз позициясын нығайта түсуде.