Форумның екінші күні мазмұнды әрі серпінді іс-шараларға толы болды. Күн «Тазалық жаршысы» атты экологиялық акциямен басталып, қатысушылар табиғат аясында игі іске жұмылды. Олар ағаш отырғызып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. Бұл бастама жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталды. Мұндай әрекеттер тек бүгінгі күннің емес, болашақтың да игілігіне қызмет ететіні анық.
Күннің маңызды бөлігінің бірі – «EcoTalk: Таза ой – таза орта» тақырыбындағы ашық диалог алаңы болды. Аталған алаңда қатысушылар мен спикерлер экология, тұрақты даму және жастардың қоғамдағы рөлі жөнінде өзекті мәселелерді талқылады. Пікір алмасу барысында тың ұсыныстар айтылып, нақты бастамалар көтерілді.
Диалог алаңында сөз сөйлеген спикерлер қатарында «Қазақстан студенттерінің Альянсы» Республикалық студенттер қозғалысының Төрағасы және Республикалық студенттік Омбудсмені Наукен Ұлан Аманқазыұлы, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі кеңесшісі Болысов Тоқтар Коммунарұлы болды. Олар өз сөздерінде жастардың экологиялық бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, форум аясында қатысушылар спорттық сайыстарға қатысып, өздерінің физикалық дайындығын ғана емес, ұйымшылдық пен командалық рухын да көрсете білді. Бұл жарыстар достық атмосфераны нығайтып, қатысушылар арасындағы өзара байланысты күшейте түсті.
Жалпы, форумның екінші күні мазмұнды диалогтармен, пайдалы бастамалармен және белсенді іс-шаралармен ерекшеленіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.