Бүгін ЮНЕСКО аясында ұйымдастырылған қазақ халқының мақтанышы, әлемге әйгілі ақын, жазушы әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған халықаралық деңгейдегі тағылымды іс-шара жоғары дәрежеде өтті. Аталған мерейтойға арнайы шақырту алған Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің профессор-оқытушылар құрамы белсенді түрде қатысып, рухани кештің маңызын арттыра түсті.
Бұл айтулы шара — тек бір тұлғаның мерейтойы ғана емес, мәдениет пен руханиятты, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң болды. Университет ұжымы ЮНЕСКО ұйымдастыратын мәдени-гуманитарлық жобалар мен халықаралық бастамаларға әрдайым белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, университет студенттері мен оқытушылары түрлі халықаралық форумдарда, мәдени іс-шараларда және достық пен бірлікті дәріптейтін кездесулерде өз белсенділіктерін көрсетіп жүр.
Соның жарқын дәлелі ретінде жақында өткен 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған халықаралық мәдени іс-шарада университет студенттері ерекше белсенділік танытып, шетелдік жастармен мәдени байланыс орнатуға өз үлестерін қосты. Бұл — білім мен мәдениетті ұштастырған халықаралық ынтымақтастықтың нақты көрінісі.
Ал бүгінгі мерейтойлық кездесу — қазақ әдебиеті мен руханиятының алып тұлғасына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Олжас Сүлейменов — тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени мұрасына үлес қосқан бірегей тұлға. Оның шығармашылығы, азаматтық ұстанымы мен әлемдік деңгейдегі еңбектері бірнеше буынға рухани бағдар болып келеді.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті ұжымы мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық шабыт тіледі. 90 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған абыз тұлғаға алдағы уақытта да ел игілігі жолындағы еңбегі жалғаса берсін деген ақжарма тілектер айтылды.
Университет алдағы уақытта да ЮНЕСКО аясындағы халықаралық мәдени және білім беру жобаларына белсенді қатысып, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді.