2026 жылғы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске
алу күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан
халқына арнаған үндеуінде заңдылық пен әділеттілік қағидаттары өрескел бұзылып,
жазықсыз жазаға ұшыраған азаматтардың тағдырын ұмытпауға шақырды. Мемлекет
басшысы тәуелсіз Қазақстанда әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын
жан-жақты қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар еліміздің дамуындағы негізгі құндылықтар ретінде Әділеттілік,
Заңдылық, Патриотизм, Еңбекқорлық және Табиғатқа жанашырлық қағидаттары
айқындалды. Ал ғылымды, жоғары технологияларды, мәдениетті және волонтерлік
қызметті дамыту мемлекеттің басым міндеттерінің бірі ретінде белгіленді.
«Қазақстан тарихы» пәнін оқыту барысында «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер
және әлем тілдері» кафедрасының оқытушылары ХХ ғасырдың 20–50-жылдарындағы
тарихи оқиғаларға, саяси қуғын-сүргін кезеңі мен 1930-жылдардағы ашаршылық
қасіретіне ерекше назар аударады. Дәрістер мен семинар сабақтарында Қазақстан
аумағындағы ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту жолында күрескен қайраткерлердің
өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі жан-жақты талданады. Сонымен қатар саяси
қуғын-сүргінге ұшыраған көрнекті ғалымдардың ғылыми мұралары студенттермен
бірге зерттеледі. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы,
Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Санжар Асфендияров, Ермұхан
Бекмаханов, Әлкей Марғұлан, Телжан Шонанұлы және басқа да көптеген зиялы қауым
өкілдері бар. Мәселен, студенттерге белгілі зерттеуші Виктор Козодойдың «Әлихан
Бөкейханов: дәуір тұлғасы» атты еңбегі ұсынылады. Бұл еңбекте автор Әлихан
Бөкейханды Алаш қозғалысы мен Алаш Орда үкіметінің көшбасшысы ретінде сипаттап,
оның Қазақстан тарихындағы тұтас бір кезеңнің қалыптасуына ықпал еткен ірі
тарихи тұлға екенін көрсетеді. Кеңестік кезеңде негізсіз қуғын-сүргінге
ұшыраған қайраткердің есімі бүгінде толық ақталып, тарихи әділеттілік қалпына
келтірілді. Аталған кезеңді оқыту барысында студенттер Ахмет Байтұрсынұлының
«Маса», «Қырық мысал» сияқты еңбектерімен танысып, оны ана тілі мен әдебиетінің
білгірі, «Қазақ» газетінде жарық көрген көптеген мақалалардың авторы ретінде
таниды. Сондай-ақ олар Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барып, оның өмірі мен
шығармашылық мұрасын тереңірек зерделейді.
Білім алушылар көрнекті тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың Кенесары
Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа арналған ғылыми еңбектерімен танысып,
оның ғылыми тұжырымдарын талдайды, салыстырмалы зерттеулер жүргізіп, өз
көзқарастарын білдіреді. Белгілі болғандай, ғалым өткен ғасырдың 50-жылдарында
негізсіз айыпталып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған болатын. Сонымен қатар
студенттер саяси қуғын-сүргін құрбандары болған ғалымдардың, ақын-жазушылардың,
мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмір жолын зерттеуге бағытталған
тапсырмалар орындайды. Бұл жұмыстар олардың қазақ халқының бостандығы,
тәуелсіздігі мен рухани жаңғыруы жолында қызмет еткен тарихи тұлғалардың
мұрасын терең түсінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ тоталитарлық жүйенің озбыр
саясатының салдарын зерделеу арқылы өткеннің ащы сабақтарынан тағылым алуға жол
ашады.
Қазақстан Республикасы
Конституциясында адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау
мемлекеттің басты құндылықтарының бірі ретінде айқындалған. Бүгінде елімізде
Әділетті Қазақстан құруға бағытталған саяси-құқықтық реформалар жүйелі түрде
жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың
құқықтарын қорғауға және қоғамдық келісімді сақтауға қызмет етеді. Сондықтан ХХ
ғасырдың 20–50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық сияқты қасіретті
оқиғалардың тарихи сабақтарын ұмытпау, олардың қайталануына жол бермеу және
тарихи әділеттілікті сақтау – әрбір қазақстандықтың азаматтық әрі адамгершілік
борышы. Біз өткеннің ауыр сынақтарын еске ала отырып, тәуелсіз еліміздің
болашағын бейбітшілік, бірлік және әділеттілік қағидаттары негізінде нығайта
беруіміз қажет.