21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл күн – мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген шығармашыл жандардың еңбегін дәріптейтін ерекше мереке. Сонымен қатар, адамзаттың рухани мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан кітапханалардың да қоғамдағы орны мен маңызын айшықтайтын айтулы күн. Мәдениетті театр сахнасынан, өнерді суретшінің қылқаламынан, сазгердің әуенінен танысақ, сол асыл құндылықтардың қайнар көзі мен мәңгілік мекені – кітапхана. Өйткені кітапхана – ұлттың тарихи жады сақталған, әдебиет пен өнердің жауһар туындылары жинақталған рухани қазына ордасы. Осы мерекеге орай METU кітапханасында арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты – мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, олардың еңбектерін кеңінен таныстыру және оқырмандардың рухани-мәдени танымын кеңейту. Көрмеге әдебиет, музыка, театр, бейнелеу өнері және мәдениеттану салалары бойынша құнды кітаптар мен танымдық басылымдар қойылды. Оқырмандар мәдениет пен өнер әлеміне терең бойлап, ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың мұрасымен танысуға мүмкіндік алды. Кітап көрмесі мәдениет пен өнердің қоғам өміріндегі маңызын дәріптеп қана қоймай, кітапхананың рухани құндылықтарды сақтаушы әрі насихаттаушы маңызды мәдени орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.