Главная Новости METU студенттері мен магистранттары Harbin Engineering University (ҚХР) ұйымдастырған Жазғы мектепке аттанды
09 Маусым 2026                  74
METU студенттері мен магистранттары Harbin Engineering University (ҚХР) ұйымдастырған Жазғы мектепке аттанды

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асыру аясында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері мен магистранттары Қытай Халық Республикасындағы Harbin Engineering University ұйымдастыратын «International Summer School for Central Asian and Russian Youth: Cultural Exchange and Technological Innovation» халықаралық жазғы мектебіне қатысу үшін ресми шақырту алды.

Бағдарлама 2026 жылғы 8–28 маусым аралығында Харбин қаласында өтеді. Жазғы мектепке университет атынан келесі білім алушылар қатысуда:

  • Нұрмағамбетов Ерасыл – 1 курс магистранты, 7M06101 «Бағдарламалық инженерия»;
  • Махсудов Бауыржан – 1 курс магистранты, 7M06101 «Бағдарламалық инженерия»;
  • Тасилов Мағжан – 1 курс студенті, 6B06103 «Бағдарламалық инженерия»;
  • Жеңіснұрқызы Ақберен – 1 курс студенті, 6B06103 «Бағдарламалық инженерия».

Бағдарлама мәдени алмасуды дамытуға, заманауи технологиялармен танысуға және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Жазғы мектеп аясында қатысушылар жасанды интеллект зертханаларымен танысып, Қытайдың өнеркәсіптік және технологиялық кәсіпорындарына барады, қытай тілі мен мәдениеті бойынша дәрістерге қатысады, сондай-ақ халықаралық жобалар мен ғылыми-мәдени іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Аталған бағдарламаға қатысуға Халықаралық ынтымақтастық департаментінің жүйелі жұмысы негіз болды. Соңғы бірнеше ай бойы METU мен Harbin Engineering University өкілдері арасында Zoom платформасында бірқатар жұмыс кездесулері мен келіссөздер өткізілді. Кездесулер барысында білім беру, ғылым, академиялық ұтқырлық және бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Осы келіссөздердің нәтижесінде университет студенттері мен магистранттары халықаралық жазғы мектепке қатысуға ресми шақырту алды.

Білім алушылардың Харбин қаласына сапары екі университет арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы практикалық нәтижесі әрі пилоттық жоба болып табылады. Бұл бастама алдағы уақытта академиялық алмасу бағдарламаларын, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Студенттер мен магистранттарды сапарға университеттің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің қызметкерлері шығарып салып, оларға сәтті оқу, жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, университетіміздің халықаралық беделін жоғары деңгейде таныстыруға тілектестік білдірді.