Главная Новости METU студенттері Астанада өткен халықаралық робототехника чемпионатында III орын иеленді
16 Маусым 2026                  95
METU студенттері Астанада өткен халықаралық робототехника чемпионатында III орын иеленді

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің (METU) «Бағдарламалық инженерия» кафедрасының студенттері халықаралық аренада университет намысын абыроймен қорғап, беделді робототехника чемпионатында III орын иеленді.

Бұған дейін хабарланғандай, «Бағдарламалық инженерия» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Оспанов Арнур мен Аскар Райымбек академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қытайдағы Jiangsu University of Technology (JSUT) университетінде білім алып, көктемгі семестрді жоғары нәтижелермен аяқтады.

Қытайдағы оқу барысында METU студенттері JSUT студенттерімен бірлесіп, заманауи робототехниканың ең перспективалы бағыттарының бірі – Embodied Intelligence (денеленген жасанды интеллект) саласына арналған 2026 International Embodied Intelligence Innovation Competition – Central Asia Robotics Special Event халықаралық чемпионатына қатысты.

Бірнеше айға созылған қарқынды дайындық пен бірлескен жұмыстың нәтижесінде халықаралық команда интеллектуалды робототехникалық жүйелер саласындағы инновациялық жобаны әзірлеп, жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алды. Финалдық кезең Астана қаласындағы Назарбаев Университетінің базасында өтті.

Халықаралық сарапшылар алқасының алдында жобаны сәтті қорғау нәтижесінде құрамында METU студенттері Оспанов Арнур мен Аскар Райымбек бар команда байқаудың III орын иегері атанды. Бұл жетістік жарысты ұйымдастырушы China Electronic Enterprises Association ұйымы берген ресми дипломмен расталды.

Аталған нәтиже METU мен JSUT университеттері арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін көрсетіп қана қоймай, университет студенттерінің бағдарламалық инженерия, жасанды интеллект және робототехника салаларындағы жоғары дайындық деңгейін дәлелдейді.

Осындай халықаралық жобаларға қатысу студенттердің теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануына, халықаралық командаларда жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауына, зерттеушілік дағдыларын дамытуына және Қазақстанның атын әлемдік деңгейде танытуына мүмкіндік береді.

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің басшылығы Оспанов Арнур мен Аскар Райымбекті лайықты жеңістерімен құттықтап, алдағы ғылыми және кәсіби қызметтеріне толағай табыс тілейді.

Олардың жетістігі бүкіл университет ұжымы үшін зор мақтаныш болып табылады және ғылым мен технология саласында жаңа белестерді бағындыруға ұмтылатын METU студенттеріне үлгі болады.