10 тамыз – Абай күніне орай
Алматы қаласында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының
ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Республика сарайы алдындағы Абай алаңында өткен
тағылымды іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, зиялы қауым
өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан
Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері,
Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері, білім және
мәдениет саласының өкілдері, жастар қатысты.
Абай рухына тағзым етуге арналған
салтанатты рәсімге Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің (МИТУ)
ректоры Дархан Берікұлы Ақпанбетов
бастаған университет өкілдері, оның ішінде Жастар саясаты
департаментінің директоры мен Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері
кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Университет өкілдері ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл
шоқтарын қойып, қазақ халқының рухани және зияткерлік дамуына өлшеусіз үлес
қосқан хакім Абайдың рухына тағзым етті. Абай Құнанбайұлының мұрасы – қазақ
халқының рухани дүниесінің ажырамас бөлігі әрі жалпыадамзаттық құндылықтармен
үндесетін бірегей қазына. Ақынның ғылым мен білімге ұмтылу, адал еңбек ету,
адамгершілік пен әділеттілікті дәріптеу, ел бірлігі мен рухани кемелдену туралы
ойлары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Хакім Абайдың «толық
адам» тұжырымы, ғылым мен білімді тұлғаның кемелденуінің негізгі шарты ретінде
қарастыруы қазіргі білім беру жүйесінің басты құндылықтарымен сабақтасып жатыр.
Сондықтан Абай мұрасын зерделеу, оның тағылымын білім алушы жастарға кеңінен
насихаттау – жоғары оқу орындарының білім беру және рухани-ағартушылық
қызметінің маңызды бағыттарының бірі.
Абай күніне арналған тағылымды
шараға республикалық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары мен
телеарналардың өкілдері қатысып, гүл қою рәсімінің өту барысын ақпараттық
тұрғыда кеңінен қамтыды. Рәсім барысында қатысушылар ұлы ақынның ескерткішіне
гүл қойып, оның рухына құрмет көрсетті. Іс-шара соңында Қазақстанның халық
артисі Болат Әбділманов «Абайдың жұмбағы» монологын орындап, хакімнің терең
философиялық ойлары мен рухани әлемін көркем сөз арқылы жеткізді.
Абай күні – ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын ұлықтаумен қатар, оның адамгершілік, білім, ғылым, еңбек пен әділет туралы идеяларын жаңа ұрпақ санасында жаңғыртатын маңызды рухани мереке. Абай мұрасы – ұлттық сананың, білім мен парасаттың, рухани кемелденудің мәңгілік темірқазығы. Ұлы ойшылдың тағылымын зерделеу және оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – ұлттық құндылықтар мен білім сабақтастығын нығайтудың маңызды негізі.