Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры ТІЛ – ҰЛТ РУХЫ, ҰРПАҚ АМАНАТЫ
04 Қыркүйек 2026                  73
ТІЛ – ҰЛТ РУХЫ, ҰРПАҚ АМАНАТЫ

            5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында METU университетінде университет табалдырығын биыл ғана аттаған 1-курс студенттерінің қатысуымен тағылымды әрі мазмұнды кездесу өтті.

            «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы ұйымдастырған танымдық іс-шара «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл, ұлт, болашақ» тақырыбына арналды.

            Іс-шара университетіміздің 2-корпусындағы оқу ғимаратының кітапханасында ұйымдастырылып, оған 1-курс студенттері қатысты.

                        Танымдық басқосудың өзегіне қазақ халқының біртуар перзенті, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміне, ұлттық жазуға, ағартушылыққа қосқан өлшеусіз еңбегі арқау болды.             Студенттер ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы, қазақ тіл білімінің қалыптасуына қосқан үлесі туралы тың мағлұматтар алып, оның тіл тағдыры мен ұлт болашағын сабақтастыра қарастырған ойларымен танысты.

            Кездесу тек ақпарат берумен шектелмей, студенттер мен оқытушылар арасындағы еркін пікір алмасуға құрылған диалог алаңы сипатында өтті. Жастар тілдің адам өміріндегі, қоғамдағы және ел болашағындағы маңызы туралы өз ойларын ортаға салып, тілге деген көзқарастарымен бөлісті.

            Іс-шара барысында мақал-мәтелдерді жалғастыру, викториналық сұрақтарға жауап беру сияқты қызықты тапсырмалар ұйымдастырылып, студенттердің белсенділігі артты. Өнерлі жастар ән айтып, күй тартып, өлең оқып, тілге және туған елге деген құрметін өнер арқылы жеткізді.

Қазақстан – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет.         Кездесуде әр халықтың өз ана тілін құрметтеуімен қатар, еліміздегі өзге тілдерге де сыйластықпен қараудың маңызы айтылды. Қазақ, орыс, кәріс, ұйғыр, өзбек және басқа да этнос өкілдерінің тілдері мен мәдениеттерінің қатар дамуы – еліміздегі татулық пен бірліктің жарқын көрінісі екені атап өтілді.

            Әсіресе, университетке енді ғана келген 1-курс студенттерінің іс-шараға белсенді қатысып, өз ойларын ашық білдіруі көңіл қуантты. Бұл – олардың жаңа білім ордасына ғана емес, елдің тарихы мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына қызығушылығының да белгісі.

            Жастардың тілге деген құрметі – елдің ертеңіне деген сенім. Себебі бүгінгі студент – ертеңгі маман, ал оның туған тіліне, Отанына және өзге мәдениеттерге деген құрметі қоғамның мәдени деңгейін айқындайды.

            Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойына тілді құрметтеу, елді сүю, ұлттық құндылықтарды бағалау және өзге тілдер мен мәдениеттерге құрметпен қарау сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыруға жол ашады.

            Тіл – ұлттың өткені мен бүгінін жалғап тұрған алтын көпір. Оны қадірлеу – әр ұрпақтың қасиетті парызы.