Главная Новости Жаңа Конституция: ел болашағы және жастардың азаматтық жауапкершілігі
01 Қыркүйек 2026                  44
Жаңа Конституция: ел болашағы және жастардың азаматтық жауапкершілігі

Халықаралық инженерлік-технологиялық университетте студенттердің қатысуымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын талқылауға арналған кездесу өтті. Ашық диалог форматында ұйымдастырылған кездесуді METU ректоры Акпанбетов Дархан Берикович жүргізді.

Талқылау барысында жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен ерекшеліктері, оның еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік дамуындағы маңызы қарастырылды. Студенттер үшін бұл кездесу конституциялық өзгерістердің мәнін түсініп, ел болашағына қатысты ой бөлісуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты, — деп атап өткен. Бұл ұстаным жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырумен тығыз байланысты. Өз құқығын білу, өзгенің құқығын құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіну — саналы азаматқа тән қасиеттер. Дереккөз: Ақорда

Кездесу барысында ректор студенттермен еркін пікір алмасып, жастардың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Университет қабырғасында кәсіби білім алумен қатар, қоғамдық үдерістерді түсіну және өз ұстанымын саналы түрде қалыптастыру да маңызды.

Елдің болашағы білімді, бастамашыл әрі жауапты ұрпақпен байланысты. Сондықтан Конституцияның мәнін түсіну жастарға өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек ұғынуға, қоғам өміріне белсенді қатысуға және ортақ құндылықтарды бағалауға көмектеседі.

Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жаңа Конституция туралы пікірлерін білдірді. Өзара пікір алмасу тақырыпты жан-жақты қарастыруға және жастарды толғандырған мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік берді.

Мұндай кездесулер университеттегі ашық диалог мәдениетін нығайтып, студенттердің елдегі өзгерістерге саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Жаңа Конституция — жаңа мүмкіндіктер. Ел болашағына жауапкершілік — баршамызға ортақ міндет!