2026 жылғы 19 ақпанда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (MЕTU) «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» кафедрасының
6В07501 – «Стандарттау және сертификаттау» білім беру бағдарламасы бойынша
Академиялық комитеттің ашық отырысы өтті. Отырыс білім беру бағдарламасының
мазмұнын еңбек нарығының заманауи талаптарына, кәсіби стандарттар мен
нормативтік құжаттарға сәйкес жаңарту мәселелеріне арналды.
Комитет жұмысына жұмыс берушілер, салалық сарапшылар,
профессорлық-оқытушылар құрамы және білім алушылар қатысты. Отырыс барысында
білім беру бағдарламасының оқу жоспары қаралып, пәндердің мазмұны мен атауларын
жетілдіруге, инженерлік дайындықты күшейтуге және оқытудың тәжірибеге
бағытталған сипатын арттыруға қатысты ұсыныстар талқыланды.
Отырысқа «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» кафедрасының
дәріскері, техника ғылымдарының магистрі Джумабекова Гүлзира Шабаевна қатысты.
Талқылау барысында білім беру бағдарламасының мазмұнын жұмыс берушілердің
ұсыныстары мен стандарттау және сертификаттау саласындағы заманауи кәсіби
талаптарға сәйкестендірудің маңыздылығы атап өтілді.
«Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» ЖШС техникалық сарапшысы,
«ҒЗО «Алматы-Стандарт» ЖШС жетекші маманы Алымбеков Майрамкул Джекшебайевич
6В07501 – «Стандарттау және сертификаттау» білім беру бағдарламасының оқу
жоспарына «Теориялық және қолданбалы механика» пәнін енгізуді ұсынды.
Ол аталған пәннің өнім сапасын, қауіпсіздігін және сенімділігін
қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Пәнді оқу білім
алушылардың инженерлік негіздерін қалыптастыруға, өнімнің механикалық
сипаттамаларын бағалауға, техникалық регламенттер мен стандарттарды дұрыс қолдануға,
сынақ нәтижелерін талдауға және техникалық күрделі объектілермен жұмыс істеуге
қажетті құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.
«ҒЗО «Алматы-Стандарт» ЖШС сәйкестікті растау органының жетекшісі
Тохтиярова Гузель Молутовна оқу жоспарына «Техникалық реттеу негіздері» пәнін
енгізуді ұсынды. Ол бұл пәннің стандарттау және сертификаттау саласындағы
мамандарды даярлаудағы негізгі бейіндік пәндердің бірі екенін атап өтті.
Ұсынылған пән мемлекеттік техникалық реттеу жүйесін, өнімге қойылатын
міндетті талаптар мен техникалық регламенттерді меңгеруге, стандарттау мен
техникалық реттеудің өзара байланысын түсінуге және нормативтік құжаттармен
жұмыс істеудің практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Сонымен
қатар, пән Қазақстанның халықаралық техникалық реттеу жүйесіне интеграциялануы
жағдайында кәсіби қызмет атқара алатын мамандарды даярлауға ықпал етеді.
«Business Expert KZ» ЖШС сарапшы-аудиторы Кубеева Айганым Сангелдиновна
«Сапа аудиті» пәнінің атауын «Менеджмент жүйелерінің аудиті бойынша басшылық нұсқаулар»
деп өзгертуді ұсынды. Оның айтуынша, жаңа атау ISO 19011 стандартының ережелері
мен аудит жүргізудің заманауи халықаралық тәсілдерін неғұрлым толық көрсетеді.
Ұсынылған атау тек сапа менеджменті жүйесінің ғана емес, экологиялық
менеджмент, еңбек қауіпсіздігі және басқа да менеджмент жүйелерінің аудитін
қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол халықаралық терминологияға сәйкес
келеді, тәуекелге бағдарланған тәсілді ескереді және білім алушылардың
практикалық дайындығын күшейтеді.
6В07501 – «Стандарттау және сертификаттау» білім беру бағдарламасының
3-курс студенті Дәулетқұл Береке білім алушылардың кәсіби бәсекеге
қабілеттілігін арттыру мақсатында бірқатар бейіндік пәндерді ағылшын тілінде
оқытуды ұсынды. Оның пікірінше, бұл академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін
кеңейтіп, халықаралық стандарттармен және шетелдік нормативтік құжаттармен
жұмыс істеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Талқылау қорытындысы бойынша Академиялық комитет мүшелері «Стандарттау
және техникалық өлшемдер» пәнінің атауын «Стандарттау және техникалық реттеу»
деп өзгертуді ұсынды. Бұл өзгеріс пән мазмұнын нақты көрсетуге және оны
техникалық реттеу саласындағы қолданыстағы заңнама мен нормативтік талаптарға
сәйкестендіруге бағытталған.
Сонымен қатар, «Сапа аудиті» пәнінің атауын «Менеджмент жүйелерінің
аудиті бойынша басшылық нұсқаулар» деп өзгерту ұсынысы қолдау тапты. Жаңа атау
ISO 19011 стандартына және халықаралық терминологияға сәйкес келіп, пән
мазмұнына сапа, экология, еңбек қауіпсіздігі және басқа да менеджмент жүйелерінің
аудитін енгізуге мүмкіндік береді.
Оқу жоспарына өзгерістер енгізу аясында «СС, БЖ-дағы сапа менеджменті
жүйесі» пәнін алып тастап, оның орнына «Теориялық және қолданбалы механика»
пәнін енгізу ұсынылды. Бұл пән білім алушылардың инженерлік дайындығын күшейтіп,
өнімнің қауіпсіздігін, беріктігін және сенімділігін бағалау саласындағы кәсіби
құзыреттерін қалыптастыруға бағытталады.
Ұсынылған өзгерістер 6В07501 – «Стандарттау және сертификаттау» білім
беру бағдарламасының мазмұнын жаңартуға, оны заманауи кәсіби және нормативтік
талаптарға сәйкестендіруге, сондай-ақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға
мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Отырыс соңында қатысушылар жұмыс берушілермен, салалық сарапшылармен және
білім алушылармен тұрақты өзара байланысты жалғастыруға дайын екендерін
білдірді. Мұндай ашық кездесулер білім беру бағдарламасын жүйелі түрде
жетілдіруге және еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлауға
ықпал ететіні атап өтілді.