Главная Кафедры Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы Новости кафедры «Тағам өнімдерін өндіру технологиялары және инжиринг» білім беру бағдарламалары Академиялық комитетінің отырысы
19 Ақпан 2026                  30
«Тағам өнімдерін өндіру технологиялары және инжиринг» білім беру бағдарламалары Академиялық комитетінің отырысы

2026 жылғы 19 ақпанда Алматы қаласында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (MЕTU) «Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» кафедрасының 6В07203, 7М07204 және 8D07201 – «Тағам өнімдерін өндіру технологиялары және инжиринг» білім беру бағдарламалары бойынша Академиялық комитеттің отырысы өтті.

Отырысқа Академиялық комитет төрайымы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, кафедра меңгерушісі Абуова Алтынай Бурхатовна төрағалық етті. Хатшы қызметін Шартакова А.Т. атқарды.

Комитет жұмысына академиялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Абдилдаева А.С., Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Женисова А.Ж., техника ғылымдарының докторы, профессор Чоманов У.Ч., кафедра дәріскері, техника ғылымдарының магистрі Даулетханқызы А., «АЛМАТЫНАН» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС өкілдері, профессорлық-оқытушылар құрамы және білім алушылар қатысты.

Отырыс барысында бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлеріндегі білім беру бағдарламаларының оқу жоспарлары қаралып, оларды 2026–2027 оқу жылына өзектендіру мәселелері талқыланды. Негізгі назар тағам өнеркәсібінің заманауи талаптарына сәйкес жаңа пәндерді енгізуге, пән атаулары мен мазмұнын жаңартуға, сондай-ақ білім алушылардың практикалық, ғылыми-зерттеу және инновациялық құзыреттерін дамытуға аударылды.

6В07203 – «Тағам өнімдерін өндіру технологиялары және инжиринг» білім беру бағдарламасы бойынша «АЛМАТЫНАН» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС жұмыс беруші өкілі Кречетова Светлана Вячеславовна оқу жоспарына «Қант технологиясы» пәнін енгізуді ұсынды. Ол бұл пәннің білім алушыларға қант өндірудің технологиялық үдерістерін меңгеруге, қолданылатын жабдықтардың жұмыс қағидаларын зерделеуге, шикізат пен дайын өнім сапасын бақылау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» кафедрасының профессоры Кизатова Майгүл Жәлелқызы оқу жоспарына «Арнайы мақсаттағы өнімдер технологиясы» пәнін енгізуді ұсынды. Пән емдік, профилактикалық, диеталық және функционалдық тамақтануға арналған өнімдерді әзірлеу мен өндіру саласындағы білім мен кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған.

Кафедра дәріскері Токанова Жұлдыз Қанатқызы «Азық-түлік өнімдерінің реологиясы» пәнінің атауын «Тағам өнімдерінің реологиясы» деп өзгертуді ұсынды. Жаңа атаудың қазіргі ғылыми терминологияға, кәсіби стандарттарға, нормативтік құжаттар мен ғылыми әдебиетте қолданылатын ұғымдарға сәйкес келетіні атап өтілді.

6В07203 білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Омарова Ақерке ұсынылған өзгерістерді қолдап, жаңа пәндердің кәсіби білімді тереңдетуге, практикалық дағдыларды дамытуға және түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететінін айтты.

Талқылау қорытындысы бойынша 2026–2027 оқу жылына арналған бакалавриаттың оқу жоспарына «Қант технологиясы» және «Арнайы мақсаттағы өнімдер технологиясы» пәндерін енгізу, сондай-ақ «Азық-түлік өнімдерінің реологиясы» пәнін «Тағам өнімдерінің реологиясы» деп қайта атау туралы шешім қабылданды.

7М07204 – «Тағам өнімдерін өндіру технологиялары және инжиринг» магистратура бағдарламасы бойынша Кречетова Светлана Вячеславовна «Технологиялық үдерістерді модельдеу» пәнін «Тағам өнеркәсібіндегі жасыл кәсіпкерлік және инновациялар» пәнімен ауыстыруды ұсынды. Пән магистранттардың тұрақты даму, жасыл экономика, ресурс үнемдейтін технологиялар, экологиялық және экономикалық тәуекелдерді бағалау саласындағы білімдерін дамытуға бағытталған.

Профессор Чоманов Үрішбек Чоманұлы «Тағам және ашыту технологиясының микробиологиялық негіздері» пәнінің орнына «Функционалдық және органикалық өнімдер технологиясы» пәнін енгізуді ұсынды. Бұл өзгеріс функционалдық және органикалық өнімдерге сұраныстың артуына байланысты болып, магистранттардың инновациялық өнімдерді әзірлеу, олардың сапасы мен қауіпсіздігін бағалау құзыреттерін қалыптастыруды көздейді.

Қауымдастырылған профессор Кененбай Гүлмира Серікбайқызы «Функционалдық және мамандандырылған өнімдер өндірісіндегі дәстүрлі емес шикізат» пәнін «Тағам өндірісінің өзекті мәселелері және жасанды интеллект» пәнімен ауыстыруды ұсынды. Жаңа пән жасанды интеллект пен машиналық оқыту әдістерін ғылыми зерттеулерде қолдануға, технологиялық үдерістерді модельдеуге, болжауға және оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Профессор Кизатова Майгүл Жәлелқызы «Тағамдық қоспалар» пәнінің атауын «Нутрициология және биологиялық белсенді қоспалар технологиясы» деп өзгертуді ұсынды. Аталған өзгеріс нутрициология негіздерін, биологиялық белсенді қоспаларды әзірлеу мен өндіру технологиясын, олардың сапасы мен қауіпсіздігін бағалау мәселелерін қамтуға бағытталған.

2-курс магистранты Қамысбаева Данагүл ұсыныстарды қолдап, пәндерді жаңарту магистранттардың тәжірибеге бағытталған және ғылыми-зерттеу даярлығын күшейтіп, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын атап өтті.

Талқылау нәтижесінде «Тағам және ашыту технологиясының микробиологиялық негіздері» пәнін «Функционалдық және органикалық өнімдер технологиясы» пәнімен, ал «Функционалдық және мамандандырылған өнімдер өндірісіндегі дәстүрлі емес шикізат» пәнін «Тағам өндірісінің өзекті мәселелері және жасанды интеллект» пәнімен ауыстыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, «Тағамдық қоспалар» пәні «Нутрициология және биологиялық белсенді қоспалар технологиясы» деп қайта аталатын болды.

8D07201 – «Тағам өнімдерін өндіру технологиялары және инжиринг» докторантура бағдарламасы бойынша профессор Абуова Алтынай Бурхатовна «Заманауи биотехнология және тағам өнімдерінің технологиясы» пәнін «Жасыл технологиялар және ESG стандарттары» пәнімен ауыстыруды ұсынды. Бұл пән докторанттарға тағам өнеркәсібіндегі жасыл технологиялар қағидаларын, ESG стандарттарының талаптарын және экологиялық қауіпсіз өндірісті ұйымдастыру тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік береді.

Профессор Кизатова Майгүл Жәлелқызы «Тағам өндірістерін зерттеудің заманауи әдістері» пәнінің атауын «Тағам өндірістерін зерттеудің заманауи әдістері және сертификаттау» деп өзгертуді ұсынды. Жаңа атау технологиялық үдерістерді зерттеу мен бақылау әдістерімен қатар, өнімді қолданыстағы стандарттар мен нормативтік талаптарға сәйкес сертификаттау мәселелерін де қамтиды.

Талқылау қорытындысы бойынша «Заманауи биотехнология және тағам өнімдерінің технологиясы» пәнін «Жасыл технологиялар және ESG стандарттары» пәнімен ауыстыру және «Тағам өндірістерін зерттеудің заманауи әдістері» пәнін «Тағам өндірістерін зерттеудің заманауи әдістері және сертификаттау» деп қайта атау туралы шешім қабылданды.

Қабылданған өзгерістер білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзектендіруге, тағам өнеркәсібіндегі тұрақты даму, цифрландыру және инновациялық технологиялар бағыттарын оқу үдерісіне енгізуге, сондай-ақ білім алушылардың кәсіби және ғылыми-зерттеу құзыреттерін арттыруға бағытталған.

Отырыстың соңында Академиялық комитет мүшелері жұмыс берушілермен, профессорлық-оқытушылар құрамымен және білім алушылармен тұрақты өзара іс-қимыл білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға және еңбек нарығының заманауи талаптарына сай мамандар даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.