Главная Новости Эдвайзерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті
24 Қазан 2026                  32
Эдвайзерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

23 қазанда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде ректордың қатысуымен Эдвайзерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында білім алушыларды жан-жақты қолдау, академиялық үлгерім мен сабаққа қатысу көрсеткіштерін арттыру, бірінші курс студенттерінің университеттік ортаға бейімделуіне жағдай жасау және эдвайзерлік жұмыстың тиімділігін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Күн тәртібіне сәйкес білім алушыларды кешенді сүйемелдеу жүйесін жетілдіруге және студенттермен өзара байланысты нығайту, эдвайзерлер қызметінің тиімділігін арттыру шараларын жүйелі түрде ұйымдастыру жолдары қарастырылды.

Университет ректоры Д.Ақпанбетов, бірінші курс студенттерін білім беру үдерісіне және университеттік ортаға бейімдеудің маңыздылығына тоқталды. Білім алушыларға академиялық, әлеуметтік қолдау көрсету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қауіпсіз, инклюзивті әрі қолайлы академиялық орта қалыптастыру жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Келесі кезекте университеттің Академиялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры А. Абдилдаева баяндама жасап, білім алушылардың академиялық үлгерімі мен сабаққа қатысу көрсеткіштерін арттыру, үлгерімі төмен студенттерді дер кезінде анықтау және оларға қажетті академиялық қолдау көрсету мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, аталған бағыттағы жұмыстың нәтижелілігін арттыру үшін кафедралар, эдвайзерлер және жауапты құрылымдық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті.

Жастар саясаты департаменті директоры Ә. Сабыржанова, эдвайзерлік құжаттаманы жүргізу тәртібін жетілдіру бойынша баяндама жасады. Баяндама барысында білім алушылар туралы мәліметтерді тұрақты жаңарту, атқарылған жұмыстардың нәтижелілігіне жүйелі мониторинг жүргізу және эдвайзерлік журналдарды белгіленген талаптарға сәйкес сапалы әрі уақтылы толтыру мәселелері қамтылды. Сондай-ақ эдвайзерлік құжаттаманың дұрыс жүргізілуі студенттермен атқарылатын жұмысты жүйелеуге және олардың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Отырыс қорытындысы бойынша білім алушыларды кешенді сүйемелдеу жүйесін жетілдіру, студенттердің үлгерімі мен сабаққа қатысуын бақылауды күшейту, бірінші курс студенттерінің бейімделуіне қолайлы жағдай жасау, қауіпсіз академиялық ортаны қамтамасыз ету және эдвайзерлік құжаттаманы уақтылы жүргізу жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті міндеттер жүктелді.