Главная Новости METU студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты
26 Қазан 2026                  13
METU студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты

25 қазанда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері Республика күніне орай ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, Үлкен және Кіші Алматы шатқалдары аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алматы қаласының барлық ауданында ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары бір мезгілде қаланың түрлі аумақтарында жүргізіліп, саябақтар, скверлер, аулалар, қоғамдық кеңістіктер мен демалыс орындары ретке келтірілді.

Экологиялық акцияға қала әкімдігінің қызметкерлері, ұлттық парк өкілдері және университеттің 100-ге жуық белсенді жасы қатысты. Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің студенттері Кіші Алматы шатқалын қоқыстан тазартып, табиғи ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосты.

Жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттау және осындай игі бастамаларға белсенді қатысуға ынталандыру – Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің басты назарындағы маңызды бағыттардың бірі. Университет алдағы уақытта да табиғатты қорғауға бағытталған қоғамдық және экологиялық жобаларды жүйелі түрде қолдауды жалғастырады.