Ағылшын тілі апталығы: белсенді студенттік өмірден халықаралық мүмкіндіктерге
2026 жылғы 29 қазанда METU университетінде
Ағылшын тілі апталығы аясында «Student Life - Студенттік өмір» тақырыбында
кездесу өтті. «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасы
ұйымдастырған іс-шараға университеттің Халықаралық ынтымақтастық
департаментінің директоры қатысты. Кездесудің өзегіне университеттегі жылдарды
біліммен, ізденіспен және жаңа бастамалармен толықтыру мәселелері арқау болды.
Қатысушылар студенттердің университет өміріне белсенді араласуы, өзара байланыс
орнатуы, бір-біріне қолдау көрсетуі және идеяларын нақты жобаларға айналдыруы
жөнінде пікір алмасты. Студенттік өмірдің мазмұны сабақпен қатар, ортақ
қызығушылықтар, шығармашылық ізденіс пен қоғамдық бастамалар арқылы
қалыптасатынына назар аударылды.
Кездесудің маңызды
бағыты - академиялық
ұтқырлық және халықаралық білім беру мүмкіндіктері. Шетелдік серіктес
университеттермен тәжірибе алмасу, халықаралық бағдарламаларға қатысу және
мәдениетаралық қарым-қатынас орнату мәселелері талқыланды. Ағылшын тілін
меңгерудің осы мүмкіндіктерді пайдаланудағы, халықаралық академиялық ортаға
бейімделудегі және кәсіби байланыстарды кеңейтудегі маңызы атап өтілді. Ашық пікір алмасу барысында студенттер өз ойлары
мен ұсыныстарын ортаға салды. Әңгіме жастардың бастамашылдығы мен өзара
ынтымақтастығын қолдауға, университет ұсынатын мүмкіндіктерді саналы
пайдалануға бағытталды. Кафедра ұйымдастырған
кездесу ағылшын тілін үйренуді студенттердің нақты мақсаттарымен - сапалы білім алу, халықаралық тәжірибе жинақтау
және өз бастамаларын жүзеге асырумен байланыстырды. Белсенді, ынтымағы
жарасқан әрі өзара қолдауға негізделген студенттік қауымдастық қалыптастыру - кездесудің
басты идеясы болды.