METU университетінде Ағылшын тілі апталығы аясында студенттердің таныстырылымдары, рөлдік ойындары мен бейнесұхбаттарын біріктірген танымдық іс-шара өтті. Кездесуді «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» кафедрасының оқытушысы Eleanya Nnanna Samuel өткізді. Іс-шара студенттерге ағылшын тілін өздерін қызықтыратын тақырыптарды талқылау, пікір білдіру және шығармашылық жұмыстарын ұсыну құралы ретінде қолдануға мүмкіндік берді. Қатысушылар жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен қауіптері, әлеуметтік желілердің студенттерге әсері, пайдалы өнертабыстар, болашақ мамандық және ағылшын тілін үйренудің маңызы туралы таныстырылымдар жасады. «Өмірімдегі ұмытылмас күн» тақырыбындағы әңгімелерінде жеке тәжірибелерімен бөлісті. Таныстырылымдар рөлдік ойындармен жалғасты. Студенттер түрлі жағдаяттарды ағылшын тілінде сахналап, өзара диалог құрды. Мұндай тапсырмалар сөздік қорды тәжірибеде қолдануға, әңгімелесушіні тыңдап, жауап беруге және аудитория алдында еркін сөйлеуге жаттығу болды.
Кездесудің шығармашылық бөлігінде оқытушылар мен студенттердің «Достық» және «Менің университетім - METU 2030 жылы» тақырыптарындағы бейнесұхбаттары көрсетілді. Достық туралы ойлар өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын ашса, университеттің болашағына арналған сұхбаттар студенттердің қиялы мен білім ордасына қатысты көзқарастарын танытты. Ағылшын тілі апталығының бұл іс-шарасында студенттер дайын білімді баяндаумен қатар, өз ойларын жеткізіп, бірлесіп жұмыс істеді және шығармашылық шешімдер ұсынды. Таныстырылым, диалог пен бейнесұхбат форматтарының үйлесуі ағылшын тілін күнделікті өмірмен, заманауи мәселелермен және болашақ кәсіби мақсаттармен байланыстыра қолдануға жағдай жасады.