Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ЖӘНЕ ҚОҒАМ ШЫНДЫҒЫ
30 Қазан 2026                  96
КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ЖӘНЕ ҚОҒАМ ШЫНДЫҒЫ

       Бүгін университетімізде белгілі қаламгер Сәкен Сыбанбаймен «Әдеби кездесу» форматында мазмұнды да тағылымы мол рухани жүздесу өтті. Кездесудің негізгі өзегіне қаламгердің «Ғаламтордағы махаббат» атты әңгімесі арқау болды. Шығармадағы адам болмысы, сезім тазалығы, шынайы қарым-қатынас пен виртуалды кеңістіктегі адами байланыстар мәселелері кеңінен талқыланды. Қаламгер әңгімесінің бүгінгі цифрлық дәуірдегі өзектілігіне тоқталып, ғаламтордың адам өміріне ықпалы, шынайы сезім мен виртуалды әсердің арақатынасы туралы ой қозғады. Әңгіме төңірегінде өрбіген пікір алмасу студенттерді бейжай қалдырмады. Жастар шығарма мазмұнына терең үңіліп, кейіпкерлер әрекетіне өзіндік көзқарастарын білдіріп, қызу талқылауға белсене қатысты. Қаламгерге сан алуан сауалдарын жолдап, шығармашылық үдеріс, өмір шындығы, көркем әдебиеттің адам санасына әсері туралы ойларын ортаға салды. Кездесу барысында оқытушылар да пікірталасқа араласып, шығармадағы көтерілген мәселелерді бүгінгі қоғам шындығымен сабақтастыра талдады. Әсіресе, көркем әдебиеттің басты міндеті, жазушының өмір құбылыстарын бейнелеудегі көзқарасы, оқырманды ойландырудағы сөз өнерінің рөлі төңірегінде мазмұнды пікірлер айтылды. Кездесудің көркін студенттердің әсем әндері аша түсті. Әдеби ой мен әуезді әуен үйлесім тапқан бұл жүздесу еркін пікір алмасуға, рухани сырласуға ұласқан ерекше орта қалыптастырды.

Сәкен Сыбанбаймен өткен бұл тағылымды кездесу студенттер үшін қаламгердің шығармашылық әлеміне жақындап, көркем туындының астарына үңілуге, өмірлік құбылыстарға өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік берген мазмұнды басқосу болды. Өйткені әдебиеттің құдіреті – оқиғаны баяндауында ғана емес, оқырманның жүрегіне ой салып, санасына сауал тастауында. Ал осындай кездесулер жас ұрпақтың рухани дүниесін байытып, сөз өнеріне деген құрметін арттыра түсетіні сөзсіз.