Главная Новости Ғ. МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНДАҒЫ METU КҮНІ: БІЛІМ МЕН РУХАНИЯТ ҮНДЕСТІГІ
12 Қараша 2026                  82
Ғ. МҮСІРЕПОВ ТЕАТРЫНДАҒЫ METU КҮНІ: БІЛІМ МЕН РУХАНИЯТ ҮНДЕСТІГІ

11 қараша күні Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ұжымы мен студенттері Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналанған «Әпке» драмасын тамашалады.

Қазақ драматургиясының рухани салмағы терең туындыларының бірі саналатын қойылым көрерменді отбасы алдындағы жауапкершілік, бауырлар арасындағы байланыс, адамдық парыз бен жеке таңдау туралы ойға жетеледі. Кейіпкерлер тағдыры арқылы жақын жандардың қадірін бағалау, өзара түсіністік пен жанашырлықтың мәні әсерлі әрі шынайы бейнеленді.

Актерлердің нанымды ойыны, сахналық шешімдердің үйлесімділігі мен шығарманың терең эмоционалдық мазмұны көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Университет ұжымы мен студенттер қойылымның көркемдік деңгейін жоғары бағалап, спектакльден алған әсерлерімен бөлісті.

Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті бәсекеге қабілетті инженер мамандарды даярлауды олардың рухани-адамгершілік дамуы және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруімен сабақтастырады. Өйткені заманауи инженер — техникалық білімі терең маман ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін, мәдениеті жоғары, ой-өрісі кең тұлға. Осы ұстанымға сәйкес университет студенттердің өнер мен мәдениетке жақын болуына, шығармашылық дүниетанымының қалыптасуына ерекше көңіл бөледі.


Қойылым соңында Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті атынан театр ұжымына ризашылық білдіріліп, сахна саңлақтарына ықылас гүлі табысталды. Кездесу актерлер мен университет жастарының естелік суретке түсуімен қорытындыланды.

Мұндай мәдени бастамалар білім мен руханиятты өзара ұштастырып, болашақ инженерлердің кәсіби құзыреттілігімен қатар адамгершілік ұстанымдарының қалыптасуына ықпал етеді. Театрға жасалған бұл тағылымды сапар қатысушыларға жарқын әсер сыйлап қана қоймай, отбасы мен бауырмалдықтың өмірдегі айрықша маңызын тағы бір мәрте терең сезінуге мүмкіндік берді.