«Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы» кафедрасының ПИАП-25-1к тобының студенттері «Агрометеорология» пәні аясында Мажитова Роза Сабитовнаның жетекшілігімен Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына оқу-танымдық сапармен барды.
Сапар барысында студенттер институттың қызметімен және жеміс-жидек дақылдарын зерттеудің негізгі бағыттарымен танысты. Білім алушыларға жүзім мен алманың әртүрлі сорттары көрсетіліп, олардың сыртқы белгілері, сорттық ерекшеліктері, өсу жағдайлары және бір-бірінен айырмашылықтары туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар студенттер жүзім бұталары мен алма ағаштарын күтіп-баптау, артық және зақымданған бөліктерін тазарту жұмыстарының жүргізілу тәртібімен танысты. Өсімдіктерді тазарту мен күтіп-баптаудың олардың дұрыс өсуіне, өнімділігіне және сапалы өнім қалыптастыруына әсері түсіндірілді.
Оқу-танымдық сапар барысында студенттер дәріс кезінде алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, жеміс дақылдарының сорттық ерекшеліктерін нақты мысалдар арқылы салыстыруға мүмкіндік алды. Институт мамандарының тәжірибесімен танысу білім алушылардың кәсіби білімін кеңейтіп, агрометеорологиялық жағдайлардың өсімдіктердің өсуі мен дамуына әсерін тереңірек түсінуіне ықпал етті.
Осындай тәжірибелік сабақтар студенттердің зерттеушілік қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығына қажетті кәсіби дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.