2026 жылғы 25 қарашада Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік
академиясының 35 жылдығына арналған жоғары оқу орындарының ерлер командалары
арасындағы футбол турнирі өтті. Халықаралық инженерлік-технологиялық
университет ұйымдастырған «ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Президентінің кубогы» Алматыдағы үздік 11 жоғары оқу орнының студенттерін бір алаңға жинады.
Турнирге Халықаралық инженерлік-технологиялық
университет, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу
университеті, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті, Қазақ спорт және туризм академиясы, Қазақ ұлттық
аграрлық зерттеу университеті, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Қазақстан
Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы, «Тұран» университеті
және Алматы технологиялық университетінің командалары қатысты.
Қатысушыларды құттықтау
кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық
инженерлік академиясының Президенті Бақытжан Тұрсынұлы, инженерия мен спортты байланыстыратын дәлдік,
тәртіп, жүйелі ойлау, табандылық пен командалық бірліктің жас ұрпақты жан-жақты
дамытудағы маңызын атап өтті.
Тәуелсіздікпен бірге қалыптасып, елдің
ғылыми-техникалық әлеуетін нығайтуға үлес қосқан ҚР Ұлттық инженерлік академиясының мерейтойына
арналған бұл турнир ғылым, білім және спорттың өзара сабақтастығын нақты іспен
көрсетті. Жарыс жастардың дене дайындығын шыңдаумен қатар, жоғары оқу орындары
арасындағы байланысты күшейтіп, студенттердің бейресми ортада тәжірибе
алмасуына мүмкіндік берді.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар
мынадай ретпен анықталды:
І орын – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық
зерттеу университеті;
ІІ орын – Қазақ бас сәулет-құрылыс
академиясы;
ІІІ орын – Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы;
ІV орын – Халықаралық инженерлік-технологиялық университет.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және дипломдармен
марапатталды. Турнирде дара шеберлігімен ерекшеленген ойыншыларға «Үздік
қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылшы» аталымдары табысталды.
Халықаралық
инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Дархан Ақпанбетов жеңімпаздар мен
жүлдегерлерді құттықтай отырып, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне командалардың,
жаттықтырушылардың, төрешілердің, еріктілердің, ұйымдастырушылар мен серіктестердің
қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сондай-ақ барлық қатысушыға алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда толағай табыс тіледі.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы
президентінің кубогы» студенттік спорттың әлеуетін танытқан ғана емес,
инженерлік ойлау мен командалық рухтың ортақ табиғатын айқындаған мазмұнды
бастама болды. Турнир жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті нығайтып,
білімді, белсенді және жауапкершілігі жоғары жас ұрпақ қалыптастыруға
бағытталған ортақ жұмыстың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.